Лудомания дерті дендеп барады. Елдегі әрбір бесінші жас құмар ойынның құрығына ілінген. Қасіреті көп азарттың азабынан шыға алмай қалғандар саны 350 мыңнан асыпты. Соңғы 3 жылда біздің азаматтар 1 трлн теңгеден астам қаражатты ойынханаларға тастап кеткен. Жас буынның санасын улаған құмар ойынға мәжілісмендер тыйым салу керек деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бәс тігемін деп құмар ойынға басымен кіріп кеткендердің бірі – елордалық мына жігіт. Жүзін көрсетпеуді өтінген азамат 15 жылын азарттың азабында өткізген. Алғашында қызық көріп барыпты. Оңай олжаға кенеліп үйренгеннен кейін, тіпті үйдегі ақшаны ұрлауға дейін барған. Күреп ақша табамын деген жеңіл ойы оны арынан да, қолдағы барынан да айырды.
– Басында айлығымды тіктім, кейін қарыз ала бастадым. Үйде ұрлық басталды. Адамдарды алдап, алаяқтықпен айналыса бастадым. Ажырастым. Осы ойынның кесірінен отбасымнан айырылдым, – деді қала тұрғыны
Құмарлыққа құныққан жастардың көбі – бас қаладағы осы орталықта. «Көмек» атты оңалту кешеніне күніне 100-ден аса адам хабарласады. Ет-жақын бауыры, туысының құмар ойынның құлына айналып бара жатқандықтан, араша сұрайтындар саны артқан.
– Орталыққа 67 пайызы құмар ойынға тәуелділер келеді. Қазіргі бізде 100 шақты адам ем алып жатыр. Маңғыстау, Қарағанды, Астанадан 60-70 адам бар, – деді психолог Аманжан Әбдукәрімов
Елдегі әрбір бесінші жас құмар ойынның құрығына ілінген. Қоғамда қызып тұрған мәселе мәжілісмендерді де алаңдатып отыр. Құзырлы органдар шеттеу, реттеу тетіктерін әлі пысықтап келеді. Бірақ әзірге дөп шешетін, шектеу қоятын инструмент іске аспай тұр.
– Негізгі мақсаты – ойын, казиноның жарнамасы кез келген жерде ілінбейді. Тек арнайы жерде орналастыру керек. Негізгі ұсыныс – осы. Мүлдем шектеу қояды деу қиын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым
Теңгені термен емес, теріс тәуекелмен табамын дейтіндер саны қазір 350 мыңға жуықтаған. Бұл тек ресми дерек. Ал бейресми одан асып жығалады. Бас прокуратура өткен жылы лудомания дертіне шалдыққан 157 мың адам қылмыстық құқық бұзғанын хабарлады. Тағы 3 мың 676 суицид фактісі тіркелді. Оның әрбір бесіншісін құмар ойын ойнайтын адам істеген екен.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы