Сыр күріші мен ас тұзы өзге өңірлерге тонналап жөнелтіледі. Мұндай мәмілені ауыл шаруашылығы кооперативтері мен өнім өндірушілер егін жинау науқанында жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызылорда облысында егін жинау науқаны басталып, күрішке орақ түсті. Астық жиналар тұста аймаққа келген Ауыл шаруашылығы министр «міндет – өнімді елдің барлық облысына бірдей жеткізу» дейді. Бұл мақсатта егіс басында тұрып-ақ щаруалар мен әр өңірдің өкілі меморандум жасасқан. Келісімге келген олар тұтынушыға жететін тауарды ең алдымен әр аумақтағы тұрақтандыру қорына жинамақ.
Айта кетейік, биыл көктемгі егіс пен егін жинауға 5 пайыздық жеңілдетілген несиенің беріледі. Шаруаларды қолдау келер жылы да жалғасын таппақ.
– Ауыл шаруашылығының көктемгі, күзгі жұмыстарына былтыр 180 млрд теңге бөлсе, биыл 400 млрд теңге қосымша субсидиясыз 5 пайызбен берілді. Субсидия тосып, бас қатырудың керегі жоқ. Несие алып, жұмыс жасау керек. Мемлекеттік қолдау жасап, биыл жақсы өнім алып жатырсыздар, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Шаруалар биыл егін маусымында бекітілген су лимитіне сәйкес 84 мың 300 гектарға күріш еккен. Былтыр жиналған өнімнің үштен бір бөлігі 13 мемлекетке экспортталған. Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, жарты миллион тоннадан аса өнім алынады.
– Биыл облыс бойынша 192 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Облыста негізгі дақыл күріш болса, өндірілетін өнімнің 30-35 пайызы жылда экспортталып отыр. Биыл күрішке сұраныс шамалы төмендеді. Дегенмен, оны өткізуде үлкен мәселе болмайды деп ойлаймыз, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Диқандар суды үнемдеу мақсатында күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік әдіспен тегістеген. Алдағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға дейін артады деп жоспарланыпты. Ал су үнемдеу технологиясы арқылы 24 мың гектар егіс егілуі керек. Мұның бәрі өнімнің еселеп артуына едәуір септігін тигізбек.
Асқар Сәрсенұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда мұнай мекемесіне айыппұл салынды