Алматыдан аттанған құтқарушылар жасағы Түркияның Газиантеп қаласына жетті

08.02.2023 00:01

Денсаулық сақтау министрлігі Түркияның зардап шеккен аудандарына жуық арада 125 дәрігердің аттанатынын айтты

Almaty.tv

Бауырлас елге көмек қолын созу үшін бүгін Алматыдан аттанған құтқарушылар жасағы Түркияның Газиантеп қаласына жетті, деп хабарлайды Almaty.tv

Олар зілзала салдарынан қирап қалған тарихи қамалда іздестіру-құтқару жұмысын жүргізеді. Жеке құрамға қазір арнайы учаске бекітіледі деп күтілуде. Айта кетейік, жасақ құрамында 41 адам бар. Бұл қатарда құтқарушылардан бөлек, Төтенше жағдайлар министрлігінің 3 өкілі және кинологтар мен апат медицинасы орталығының мамандары қызмет атқарады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Түркияның зардап шеккен аудандарына жуық арада 125 дәрігердің аттанатынын айтты.

«Арнайы самолетқа автомобильдік техниканы артып, керекті құралдарымызды артып алдық. Барғаннан кейін 14 күнге дейін автономно жұмыс істеуге дайынбыз. Ол үшін тамақ, дәрі алып бара жатырмыз. Барған бетте ҚР елшілігі қай жерде жұмыс бастауды айтып береді», – деді ҚР ТЖМ-ның бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесіп, зардап шеккен аудандардағы іздестіру-құтқару жұмысына Қазақстанның көмек көрсететінін айтқан еді. Бізден бөлек, қазір Түркияға әлемнің 45 елі қол ұшын созамыз деп отыр. Мәселен, АҚШ билігі әрқайсында 79 құтқарушысы бар екі топты зілзала ошағына жіберген.