Апатты үйде тұрып жатқан тұрғындар мәселесі қашан шешіледі – әкімдік жауабы

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті әкімдік өкілдері Түрксіб ауданында апатты жағдайдағы 607 тұрғын үй барын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданында 9 жанұя апатты деп танылған үйде өмір сүріп жатыр. Аязды күндерде терезесін қаптап, шатырдан аққан тамшы астына шелек тастап әлек. Баспалдағынан бастап тозығы жеткен баспанада тұрып жатқандар Almaty.tv арнасына хабарласып, уәжін айтты.

Бүгінде Түрксіб ауданында су жаңа 5 қабатты тұрғын үй мен серуендеуге арналған алаңдар салынған. Дәл осы әдемі көрініске қарама-қарсы бір қоршау бар. Сол қоршаудың ар жағында 1935 жылы салынған, тозығы жеткен, ішінде жеткілікті жылуы жоқ үй тұр. Ал ол үйде 9 жанұя өмір сүріп жатыр.

Алматылық Руслан Сүлейменов дәл сол тозығы жеткен үйдің 1-қабатында тұрады. Қытымыр қыста аядай 2 бөлмені пеш жағып жылытады. Көмір-отын таппаған жағдайда, ауладан ағаш теріп амалдай тұруға мәжбүрмін дейді.

Бұл үйдегі 9 пәтердің 5-уіне көгілдір отын жүргізілмеген. Сондықтан Руслан үйдегі жылуды сақтау үшін тәулік бойына тамақ пісіретін пешті қосып қояды. Бұдан жарыққа төлейтін қарызы да артып жығылады екен. Қысқасы, «олай тартсам өгіз өледі, бұлай тартсам арба сынады» деп налиды.

«Қанша жыл болды. Ешқандай жағдай жоқ. Осындай жалғыз үй қалды. Қасындағы үйлердің бәрі жаңа. Аллея, Арбат, саябақ. Әкімдікке барсақ, мәселені шеше алмаймыз, инвестор керек дейді», - деді қала тұрғыны Руслан Сүлейменов.

Жұбан Молдағалиев көшесіндегі бұл лашыққа қарама-қарсы жаңа үйлер салынған. Мұндағы тұрғындар бізге әлгі баспаналар зәулім сарайдай көрінеді дейді. Терезесі керегесінен ажырайын деп тұрған үйде өмір сүріп, тұрмысымыз да нашарлап кетті деп уәжін айтты.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері Түрксіб ауданында осындай апатты жағдайдағы 607 тұрғын үйдің барын айтады. Оның бәрін жақын арада ыңғайластыру мүмкін емес дегенді алға тартты. Ал 9 пәтерлі үйге қатысты тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

«Бұл үйді жөндеу немесе тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі бойынша жекеменшік компаниялармен келіссөз жүргізілуде. Негізі, үй тұрғындарымен жиналыс өткен болатын. Дәл қазір тиісті шаралар атқарылып, инвесторларды тартып жатырмыз», - деді Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әнуар Мұсаев.

Алматы аумағында дәл осындай 1407 үй бар. Олардың барлығы апатты жағдайда. Ал оларға инвестор тарту оңай емес, бұл уақыт еншісіндегі шаруа. Жаңа қоныстың орналасқан жері де қолайлы болуы тиіс.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров