Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде болды. Ұлытау облысына қарасты Жезді кентіне барған ақжағалылар апаттан аман қалған тұрғындармен кездесіп, ел сөзін тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тосыннан келген апаттан кенттегі Бұлқышев, Көкбұлақ және Қожабай көшелерін су алған. Салдарынан 24 үйдің тұрғындары эвакуацияланған. 9 үйге су жайылды. Баспанасыз қалған 4 отбасына уақытша тұратын жер берілген.
– Суға кетті, жөндеуге келмейді. Жөндегеннің өзінде үй дымқыл тартып тұр. Қарапайым халық, блогерлер көмектесіп жатыр. Уақытша тұруға үй берілді. Комиссия келді тұруға жарамсыз деп айтып жатыр, – деді облыс тұрғыны Гүлден Ижазинова.
Аталған аудан аумағынан 87 000 текше метр қар шығарылып, тазартылды. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен тілдесу үшін арнайы келген Мәжіліс депутаттары барлық шығын өтелетінін тағы бір еске салды.
– Алдағы уақытта комиссия кеткен шығынның орнын толтырады. Тұруға келмейтін, жаңадан салуды қажет ететін үйлер де бар екен көзбен көрдік. Кейбір үйлерде судың деңгейі 1 метрге дейін көтерілген. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, жаңадан үй салу керек шығар деп ойлаймын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.
Өңірге арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Кеңгір су қоймасындағы судың деңгейін тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Соңғы үш күннің ішінде қоймаға 142 млн текше су келіп құйылғандықтан, қажетті мөлшер толған. Мамандар қойма суының жаңарғанын да атап өтті.
– Кеңгір су қоймасының сыйымдылығы - 319 млн куб. Бұл – Қазақстандағы ең үлкен қолдан жасалған 10 су қоймасының бірі. Мамандардың сөзінше, 2 күндей әлі су келеді. Бірте-бірте су жіберетін шандорларды жауып, келген суды сақтап қалуымыз керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин.
Кеңгір су қоймасының маңайындағы ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайды бақылауға алған су қоймасының мамандары осылай деп сендірді.
Айта кетейік, бұған дейін Жезді өзені арнасынан тасып, 20 аула мен 9 үйді су басқан еді. Қауіпті аймақтардан 108 адам эвакуацияланған.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау Облысы
Оқи отырыңыз: Атырау облысы Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды