|
10.09.2019 | 20:01
13101

Мегаполис жастары арзан пәтерде тұра алады

Жалдау ақысы айына шамамен 10-12 мың теңгені құрайды

Мегаполис жастары арзан пәтерде тұра алады

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз баспана беру бағдарламасы бастау алды. 1 жыл ішінде 3 мыңнан астам жас уақытша үймен қамтылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аты айтып тұрғандай, бағдарламаға қатысушы келешекте тұрғын үйді меншіктеп ала алмайды. Ал, шарттарына келсек, соңғы 2 жылда қалада жұмыс істеген және басында баспанасы  тіркелмеген болуы керек.

Түйткілді мәселенің түйіні «Жастар жылында» тарқатылайын деп тұр. Арнайы әзірленген бағдарламаның аясында жұмыс істейтін, нарықта сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген, 29 жасқа толмаған жастарға жалдамалы пәтер беріледі. Баспаналарды меншіктеп ала алмайтын болғандықтан, осы уақыт аралығында жас маман немесе отбасы пәтер сатып алуға қаражат жинауы шарт.

«Үміткердің банктік шоты болуы керек. Өйткені оның бастапқы жарна жинауға қызығушылығы болуы керек деген оймен осындай негізгі талаптарды қойып отырмыз. Сонымен қатар бұл жобаның мақсаты – жастарды өз тұрғын үйін алуға ынталандыру және қолдау көрсету болып табылады. Сонымен қатар үміткердің қызметтік жетістіктері бойынша тиісті куәліктерді растандыратын құжаттарын көрсетсе қосымша тағы жеңілдіктер беріледі», – деді  ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр ҚОЖАХМЕТ.

Құжатқа сәйкес, жалдамалы тұрғын үй жұмыс істейтін жастарға 5 жылға сатып алу құқығынсыз беріледі. Жалдау ақысы айына шамамен 10-12 мың теңгені құрайды. Бұл ретте жас отбасылардың табысы 40 АЕК, яғни 110 мың теңгеден кем болмауы керек. Қазіргі таңда аталған үш қалада құжаттарды қабылдау науқанына дайындық жүргізіліп жатыр.  

«Жастардың ойында «қашаннан бастап қабылдайды?» деген сұрақ жүр. Жоспар бойынша қараша айынан бастап бағдарлама бойынша құжаттар қабылдай бастаймыз.  Ол үшін ешқайда барып, ешқандай кезекте тұрудың қажеті жоқ. Құжаттарды қабылдау толығымен электронды түрде өтеді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоғамдық даму бөлімінің жетекшісі Талғат РАХМАНБЕРДІ.

Пилоттық жоба әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асады. Келешекте басқа шаһарларда да қолға алынбақ. Бағдарлама аясында алдағы уақытта барлығы 3 мыңнан астам жас жалдамалы пәтерге ие болады. Айта кетейік, Қазақстанда статистика бойынша 4 млн. астам жас бар.

Асылбек Тойбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир