Аяғымды үгітіп тастапты: Ұлттық ұлан сарбаздары қаңтар оқиғасын қалай еске алады

18.02.2022 в 00:02

Алматыдағы дүрбелеңде 209 ұландық сарбаз бен 190-нан астам тәртіп сақшысы ауыр жарақат алды

Алматыдағы дүрбелеңде 209 ұландық сарбаз бен 190-нан астам тәртіп сақшысы ауыр жарақат алды. 3 полиция қызметкері қаза тапты. Мысалы мына кадрлардан бүлікшілердің оқ жаудырғанын және әскерилерді соққының астына алғанын анық байқауға болады. Дәл осы қақтығысты өз көзімен көріп, аман қалған, алайда бүгін балдақ құшақтаған тәртіп сақшысы Almaty.tv телеарнасына сұхбат берді.

Алматылық полиция қызметкері қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні қалалық әкімдікке шұғыл жеткен. Түске таман ғимарат өртенген тұста, іштегі сарбаздармен бірге далаға шығыпты. Сол сәтте қалың топтың арасына кіріп кетіп, тепкінің астында қалған. Белгісіз біреу темірмен ұрып, таспен басын жарған. Ес-түссіз жатқанда аяғын да сындырып, жүре алмай қалыпты.

«Аяғыма бордюр сияқты бірнәрсе тастаған дейді. Арматура тимеген. Шыбығым үгітіліп кеткен. Расында да, қатты агрессия болды. Қарапайым халық ондай нәрсе істеді дегенге сенбеймін», - дейді Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкері Нұржан Көпжасаров.

Дүрбелеңде тәртіп күзеткен 21 жастағы ұландық сарбазға да оңай тиген жоқ. Бетпе-бет қақтығыста оның да аяғы сынып, жүре алмай қалған. Бүгінде операциядан кейін 1 ай өтсе де, әлі күнге дейін балдақпен жүр, ем-дом алып жатыр.

«Таспен ұрды. Арматурамен, қолдарына түскен нәрсемен ұрды. Қалқан мен қалпағымызды тартып алды. Бізден тартып алған нәрселермен ұрды», - деп еске алады қатардағы жауынгер Серік Нұрсұлтанов.

Қанды қаңтар оқиғасында тәртіп сақшылары мен сарбаздардан бөлек, бейбіт тұрғындар да жапа шекті. Заңгерлер дүрбелең уақытта жаға ұстатарлық қылмыстардың да тіркелгенін айтады.

«Қанды қаңтар оқиғасында бұзақылар осы істі бұрмалап, қыз зорлау деректері тіркелді. Менің өзімде зорлану фактісі бойынша 1 іс жатыр. Бірақ ол Алматы қаласынан емес, басқа өңірден түскен шағым. Қайдан және кім екенін айта алмаймын. Өйткені ол келісімшарттағы құпиям. Зорлау бабы бойынша қылмыстық істер жарияланбауы керек», - деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.

Қаңтар айының басында республиканың әр өңірінде болған ереуіл кей қалаларда жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласып кетті. Дүрбелеңде ел бойынша 227 адам қаза тапты. Ал оның 160-сы Алматы қаласында бкөз жұмған. 11-і құқық қорғау органының қызметкері болса, 149-ы – қарапайым азаматтар.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы