Алматыға жаңа қосылған аудан кәсіпкерлері өздеріне тиесілі жердің мақсатын өзгерте алмай жүр. Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездескен кәсіпкерлер толғандыратын мәселелерді жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін шаһар басшысы сан салада еңбек ететін кәсіпкерлермен кездесті. Қаланы дамыту бағдарламасының басты бағыты бизнес ахуалды жақсарту болған соң, әкім бизнесмендерді толғантқан сұрақтарға жауап беріп, қордаланған мәселелерін шешуге уәде етті. Апта басында ғана қабылданған құжаттың 7 бөлімі де дәл осы кәсіпкерлікті қолдауға арналған. Басты назар жұмыс орнын құруға, инвестициялар тартуға, іскерлік ортаны жақсартуға аударылды.
«Бүгінде Алматы ұлттық экономиканың бестен бір бөлігін, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бірін және Қазақстандағы барлық сауда операцияларының 35 проценттен астамын құрайды. Қаламыз бизнес пен капиталдың танымал орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда мегаполистің шағын және орта бизнесі қала экономикасының жартысына жуығын (47,5%)6 қаланы жұмыспен қамтудың 65%-ын қамтамасыз етеді», – деді Ерболат Досаев
Алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған кәсіпкерлік палатасы жанындағы өңірлік кеңестің төрағасы иелігіндегі жылжымайтын мүліктің мақсатын өзгерте алмай жүргенін айтты. Ол қалаға жаңа қосылған аудандардағы жер телімдерінің тек ауыл шаруашылық мақсатқа арналғанын жеткізді.
«Бізге жер телімдерінің мақсатын өзгертуге көмектессеңіз. Бұл сұрақты тиісті министрлікпен қарастыру керек. Мысалы, жер телімінің мақсатын өзгерткен кезде ауыл және орман шаруашылығын жүргізуге байланысты шығынды өтеусіз қалдыруға бола ма», – деді Кәсіпкерлік палатасы жанындағы өңірлік кеңестің төрағасы Максим Барышев
«Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік жер қоры жоқ. Біз әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін жер сатып алуға мәжбүрміз. Айталық, қаланың бас жоспары 2002 жылы қабылданған. Содан бері шаһардың аумағы бірнеше есеге ұлғайды. Егер біз жоспарлағандай, бас жоспар болмаса, бұл мәселе шешілмейді. Кәсіпкерлер бізге көпқабатты тұрғын үй салу үшін арнайы мақсатпен келеді, алайда инфрақұрылым жоқ. Осы себепті біз қазір жер телімдерін, инфрақұрылым желілерін, тағы басқасын толық түгендеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алдымен құжат қабылдауымыз керек, соған сәйкес ары қарай жылжимыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ал ресторан бизнесімен айналысатын кәсіп иесі әкімдік тарапынан негізсіз тексерулер көп деп шағымданды. Алматыда құрылған тұрғын үй комиссиясы таңнан кешке дейін тыныштық бермейді екен. Сыртқа қойған орындықтарды алыңыздар деп табыс табуға шектеу қоянеді.
«Халықтан шағым түсіп жатыр. Сұрақты әділ шешу үшін ортақ ереже қабылдайық. Жұмыс істеу тәртібін реттейтін, жаз маусымында сыртқа қанша орындық қоюға болатынын шешіп алатын құжат керек. Қазан айының соңына дейін ол дайындалады. Содан кейін барлығы жеңілдейді деп ойлаймын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Алматыда биыл шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 50 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазірдің өзінде 1300-дей жоба мақұлданды. Бас-аяғы 3 сағатқа созылған кездесуге 180-нен астам бизнес өкілдері қатысты. Енді мұндай жиындар тұрақты түрде өткізілмек.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы