Петропавлдағы Бірлік шағынауданындағы баспаналар «Қазақстан халқына» қорының қаржысына салынған
СҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге тағы 47 үйдің кілті табысталды. Петропавлдағы Бірлік шағынауданындағы баспаналар «Қазақстан халқына» қорының қаржысына салынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
32 жастағы Виталина Мозговаяның үйі Подгора ықшамауданындағы бөгеттің жанында орналасқан. Ол бар болғаны бірнеше минуттың ішінде баспанасын су шайып кеткенін мұңая еске алады. Жер құрғағаннан кейін, үй бірден құлап қалған. Ал бүгінде Виталинаның қуанышында шек жоқ. Ол жаңа әрі үлкен үйіне қоныстанбақ.
– Өте қиын жағдай болды. Бірақ дәл сол сәтте билік барлық шығынның өтелетінін айтып, алаңдамауымызды, еңсемізді түсірмеуімізді сұрады. Үйімнің несиесін жақында ғана төлеп болдым. Төрт жылдан уақытым зая кетті ме деп қорықтым. Ешқандай мәселе туындамады. «Күтіңіздер, жаңа пәтер кілтін табыстайтын кезде хабарласамыз» деді. Міне, нәтижесін көріп отырсыздар, – деді қала тұрғыны Виталина Мозговая.
Ботагөз Айтмағанбетованың да Подгора шағынауданында тұрғанына 20 жылдан асқан. Оның 25 шаршы метрлік үйі тасқыннан кейін тұруға жарамсыз деп танылған. Ал бүгін Айтмағанбетовтер әулеті 80 шаршы метрлік жаңа баспанаға ие болып отыр. Олар жайлылығы үшін жер үйді таңдаған.
– Біздің құжаттарымыз тез өтті. Еш қиындық болмады. Қоңырау шалып «келіңіз, үйіңіз апатты жағдайда тұрғандықтан, бұзылады» деді. Үкімет басындағыларға рақмет. Қуаныштымыз, эмоциямды сөзбен жеткізу мүмкін емес, – деді қала тұрғыны Ботагөз Айтмағанбетова.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Петропавлға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Ол тұрғын үйлердің сапасын тексерді. Бұған дейін өңірде су басқан 4 мыңнан астам үйдің тең жартысы апатты деп танылған. Ал су тасқынынан зардап шеккендер үшін Бірлік шағынауданында 700 үй салынып, 1300 нысан сатып алынады. Сондай-ақ электр желісін, тұрғын үйлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Оған қаражат та бөлініп қойған. Қажет болған жағдайда республикалық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады.
– Электр торабына зиян келіп, біраз жол қираған. Барлық мәселені жөндеуге жергілікті билік тиісті құжаттарды әзірлеп, келесі аптада тиісті министрлікке жібереді. Екі аптаның ішінде қаражат аударылады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев .
Екі апта бұрын мұндағы тұрғындарға 53 жаңа үй пайдалануға берілсе, бүгін 47 баспананың кілті табысталды. Атап өтер жайт, жергілікті зауыттың көмегімен үйге қажетті тұрмыстық техника мен жиһаздар сатып алынған. Бірлік жаңа шағынауданындағы алғашқы 100 үй «Қазақстан халқына» қорының қаражатына салынды.
– Президентіміз «Қазақстан халқына» қорын құрған кезде осындай жағдайлардың болатынын, олардың дереу алдын алу қажеттігін түсінді деп ойлаймын. Дәл осы сәтте қордың көмегі қажет болады. Бұл біріккен әрі топтық жұмыс екенін атап өткім келеді, – деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Бірлік шағынауданында барлығы 3 мыңға жуық адам тұрмақ. Қазірдің өзінде 300-ге жуық отбасы жаңа қалашықтан баспана алу үшін өтінім жіберген. Сондай-ақ бұл аумақта тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін балабақша мен жайлы мектеп те салынып жатқан көрінеді. Жылыту маусымы басталғанға дейін барлық үй қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында 200-ден аса отбасы пәтер кілтін алды