Сізді сайлаған жоқпыз ғой: Қошмамбет ауылының тұрғындары әкімді танымайтынын айтты

12.01.2023 00:03

Қошмамбет аулының тұрғындарының айтуынша, ашық тұрған трансформатор балалар үшін қауіпті

Almaty.tv

Ашық күйде тұрған электр тарату қондырғысы елдімекен тұрғындарының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осылай деген Алматы облысына қарасты Қошмамбет аулының тұрғындарының айтуынша, балаларды тоқ соғуы мүмкін.  Ашық трансформатор мектепке барар жолда орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал оның маңайындағы мұз ерісе, суға тиіп, техникамыздың тамтығы қалмай күйіп кете ме деп алаңдайды. Онсыз да ашық күйде тұрғандықтан, жарық жиі өшеді деп шағымданды жұрт жағдайды айтып жергілікті билікке де талай барған. Бірақ нәтиже жоқ.

«Бір жарым жыл жарық болмады. Бүкіл халық жүз мыңнан ақша жинап, 20 млнға трансформатор сатып алдық. Оған пәлен мың адам қосылып кеттік. Бұл не деген масқара? Неге жақсы өмір сүруге тиісті емеспіз?! Дамыған елде тұрамыз», – деді Қошмамбет ауылының тұрғыны Ләтипа Әбдірахманова.

Жергілікті билік ауылға ат басын бұрмайды деген халықтың шағымына Жамбыл округінің әкімі жуырда сайланғанын айтып ақталды. Сондықтан кей мәселеден хабардар емес екен. Тұрғындар болса қордаланған түйткілді жоғарыдағыларға талай рет жеткізгенін алға тартты.


«Сізді сайлаған жоқпыз ғой, сізді танымаймыз да ғой», – ауыл тұрғыны

«Енді бұл жерде Жамбыл ауылында Қошмамабет ауылы ғана емес қой. Төрт ауыл бар. Халықпен кездесеміз», – деді деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмірбаев.

Отыз мыңға жуық халқы бар Жамбыл ауылдық округінде Қошмамбетті қоспағанда 3 ауыл бар. Қас қарайса жарық өшеді деп арызданған азаматтарға қосымша трансформатор ауадай қажет көрінеді. Бұған округ басшысының айтуынша,  мәселе шешіледі.

«Біз «Алатау жарық» компаниясына хат жазып қойдық. Енді жауабын күтеміз. Кеше жаздық. Оның алдында білген жоқпыз», – деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмірбаев.

Қошмамбеттіктер трансформаторға қоршау орнатудан бөлек, мұз қатқан тоқ бөлгіш құрылғыны оқшаулайтын белгі де орнатып беруді талап етті.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы