|
03.02.2023 | 19:04
2986

Астанада 400-ден астам автобус жетіспейді

Елімізде 10 мыңнан астам қоғамдық көлік тозған

Астанада 400-ден астам автобус жетіспейді Almaty.tv

Қазір Астанада 400-ден астам автобус жетіспейді. Қоғамдық көлік тапшылығын апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан еді. Таңертең және кешкісін елордалықтардың автобустарға сыймай, жолда қалып жататынын жеткізген Президент қала билігіне дереу шара қабылдауды тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Елімізде қоғамдық көліктердің тең жартысына жуығы ескірген. Петропавл, Талдықорған, Орал, Қостанай, Өскемен қаласындағы автобустар әбден тозығы жеткен. Қыста жылуы, жазда салқындатқышы жоқ көлікпен қатынаудан тұрғындар да шаршаған. Көңіл көншітпей тұрған тағы бір тұсы – олардың уақытылы келмеуі. «Сарыарқаның сарышұнақ аязында 40 минутымыз аялдамада өтеді»  дейді астаналықтар.

«Бізге күнара таксимен жүруге тура келеді. 40-45 минут аялдамада тұрамыз. Бар уақытымыз күтумен өтеді де, соңында таксимен кетеміз. Автобустар уақытылы жүрсе жақсы болар еді. Мынадай аязда ешкім тоңып тұрғысы келмейді. Күнде таксимен жүру қымбат түседі», – деді қала тұрғыны Әмина Ислямова

«Автобусты көп күтеміз. Мен күнде сабаққа барамын. Таңертең және кешкі уақытта №29 қоғамдық көлікті көп тосып қаламын», – деді қала тұрғыны Айжан Сағынбек.

Бұл – бір елордадағы жағдай. Ал елде қазір 10 мыңнан астам қоғамдық көлік тозған. Оның 46 пайызын жаңарту керек. Жауапты министрліктің айтуынша, паркті жаңартудың негізгі жолы – тасымалдаушы кәсіпорын шығындарын субсидиялау. Соңғы 3 жылда қазынадан 79 млрд теңге қаржы бөлініп, жеңілдетілген лизингпен 2300-ге жуық автобус алыныпты. Ал биыл астаналықтарға 300 су жаңа қоғамдық көлік беріледі. Бірақ нақты қай күнге жоспарланғаны әзірге белгісіз.

«Жаңа автобустар қазіргі жүріп жатқан қоғамдық көліктің санын арттыру үшін қолданылады. Сондай-ақ жаңа маршрут енгізіледі. 300 автобус аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір зауыттармен», – деді «City transportation systems» компаниясының үйлестіру департаменті директорының орынбасары Әділ Сайынов.

Қазір қалада елордалықтар қатынайтын 96 бағыттағы 1100-ден астам автобус бар. Олардың 64-і жүруге жарамсыз. Күні кеше Президент Астанаға 400-ден астам қоғамдық көлік қажет деген еді. Қала билігі мәселені таяу арада шешпесе, алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін

Қазір қалада 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе қыс кезінде өзекті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астандан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир