Алматы облысында йод тапшылығын азайтатын балықтар өсіріледі

Алматы облысында йод тапшылығын азайтатын балықтар өсіріледі
Жыл сайын мұнда 10 мың тонна клариус, 500 тонна ақ балық, 10 тонна австралиялық таңқышаян өсіруге мүмкіндік бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында органикалық балық аулау әдісімен өнім шығаратын кешен ашылды. Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан шаруашылықта Африка, Австралия аумағында кездесетін балықтармен бірге, шаяндар да өсіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда жыл сайын 10 мың тонна клариус, 500 тонна ақ балық, 10 тонна австралиялық қызыл шымшуырлы таңқышаян  өсіруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек баррамунди, страйбасс, тилапия, нефрит алабұғасы  сынды сирек кездесетін балықтар да бар. Алдағы уақытта бұлардың қатарына көксерке балығы да қосылады. Ультрадыбыстық жабық су бассейндегі балықтар халық арасындағы  йод тапшылығын азайтуға көмектеседі дейді кәсіпкерлер.

«Бұл – Қазақстандағы алғашқы толыққанды органикалық балық аулау кешені. Біз бұл нәтижеге қол жеткізу үшін екі жыл еңбек еттік. Қызметкерлерді бүкіл Қазақстан аумағынан іздеп, әлемнің түкпір-түкпіріне оқуға жібердік. Биыл күзде Қазақстан нарығына ақ балық және клариусті шығарамыз. Бұл  еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі сияқты маңызды салаға қосқан үлесіміз. Жемді де осында дайындаймыз. Ең арзан балықтың бір келісін біз 800 теңгеден супермаркеттерге жібереміз. Өнімді Ресейге де сату жоспарымызда бар», – дейді «Kaz Organic Produkt» ЖШС директоры Алексей ЩЕТИН.  

Жасанды бассейнді салуға 3,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Әзірге 20 адамды жұмыспен қамтыған мекемеде алдағы уақытта жұмысшылар санымен қатар, өнімнің көлемі де артады. Ең бастысы, таза органикалық балықтар көпке қолжетімді бағада сатылмақ. «Әсіресе, бірінші кезекте өнімімізді балабақша, мектеп, әскери мекемелер және ауруханаларға жеткізгіміз келеді» дейді кәсіп иелері.  

«Құйылған инвестицияның көлемі – 3,5 миллиард теңге. Бұл бірінші кезеңінде. Болашақта тағы еселейміз деп отыр. Сондай-ақ мұнда тағы 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл  – Қазақстанға, Алматы облысына керек жоба. Себебі бізге балықтар шетелден –  Азия, Африкадан алып келінеді», – дейді Алматы облысы, Қапшағай  қаласының әкімі  Талғат  ҚАЙНАРБЕКОВ.

Новости партнеров