Жетісу облысында 900 мың гектарға жуық жер телімі игерілмей жатыр

13.10.2022 в 00:12

Заңбұзушылықты жою үшін ең алдымен жер иесіне хабарлама жолдайды

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы мақсатында алынған 900 мың гектарға жуық жер телімі пайдаланылмай жатқаны анықталды. Енді жыл соңына дейін 100 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бұл туралы өңірдің жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған дейін пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады деп мәлімдеді. Жетісу облысына  жыл басынан бері мемлекетке 50 мың гектар жер қайтарылған.

Пайдаланылмай жатқан учаскені шаруа қожалары өз еркімен қайтарған дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Алайда мемлекет меншігіне өткен 52 мың гектар аумақ жалпы Жетісу облысы бойынша анықталған пайдаланылмай жатқан жердің 6 пайызы ғана.  

«Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жүргізілген мониторинг нәтижесінде 383 мың 800 га жерде мал басы тіркеліп, яғни, қайта пайдалануға кірісіп отыр. Қалған жерлер бойынша бүгінде департамент тарапынан жалпы аумағы 88 мың га жерге 31 тексеріс жұмыстары жүргізілді», – деді облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Мәдибаев.

Жер ресуртарын басқару департаменті енді 333 мың гектар учаскеге мониторинг және тексеру жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Егер ондағы шаруа қожалары аумақты нысаналы мақсатта пайдаланбаған болса, тиісті шаралар қабылданады. Алайда әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл жер телімі бірден мемлекет меншігіне өтпейді. Заңбұзушылықты жою үшін ең алдымен жер иесіне хабарлама жолданып, 1 жыл мерзімге нұсқау беріледі.

«1 жылдан кейін департамент тарапынан қорытынды тексеріс жүргізіледі. Ол кезде заңбұзушылық жойылмаған жағдайда сот тәртібімен департамент тарапынан талап-арыз жолданып, сот тәртібімен пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Қайтарылған жер мемлекет меншігіне өтіп, ары қарай жергілікті атқарушы органдармен конкурстық негізде жер қайтадан пайдалануға беріледі», – деді облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Мәдибаев.

Жетісу облысы әкімдігі жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 100 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отыр. Өңірдегі елдімекендердің әкімдігіне тапсырма да берілген. Мәселен, Қаратал ауданында жыл басынан бері 19 мың гектарға жуық жер телімі қайтарылған.

«Негізінен бізде қайтарылып жатқан ол – жайылым жерлер, бірақ егістіктер мен суармалы жерлер де бар. Өзінің тәртібі бар. Ұсақ малға да, ірі қараға да нормасы бар. Сол нормаға сәйкес біз қазір тексеру өткізіп жатырмыз. Егер жер көлемі мен мал саны сәйкес келмейтін болса, онда ол жерді біз қайтарамыз. Жердің иесі нормаларға сәйкес, малды базаға тіркеу керек», – деді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов.

Тиісті нормаға сәйкес, 1 қойға - 3 гектар, ал ірі қара мен жылқыға - 14 гектар, 1 түйеге - 18 гектар жайылым жер қажет. Әкімдік өкілдері осы арқылы мал басы мен учаске көлемін салыстырып, шешім шығарады екен.

«Тамыз айында қожалығыма тиесілі болған 23 мың гектар жердің 15 мыңын мемлекет меншігіне қайтардым. Себебі мендегі ірі қара санына 8 мың гектар жер жетіп артылады», – деді қожалық басшысы Владимир Ли. 

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда игерілмеген не заңсыз берілген 10 млн гектар жердің барын айтып, жыл соңына дейін соның жартысын мемлекетке қайтарып алу жоспарланғанын мәлімдеген еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы дерегіне сүйенсек, бүгінде 3 миллион гектарға жуық жер телімі мемлекет меншігіне өткен.  

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы