Терезеден құлап кетті: төтеншеліктер балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті

04.05.2024 00:05

Елімізде 130-дан астам бала терезеден құлап, көз жұмған

Сгенерировано ИИ

Былтыр елімізде 130-дан астам бала терезеден құлап, көз жұмды. Биіктен құлау дерегінің азаймай тұрғанына бір шетінін қауіпсіздік шараларының сақталмауы ықпал етсе, екіншіден ата-ананың салғырттығы себеп болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыдан 12 жыл бұрын қызынан айырылған Ақмарал Әлменова қабырғаны қайыстырған қайғылы жағдайды ұмытар емес. Ойын баласы байқаусызда 5-қабаттан құлап, көз жұмған. Көңілі құлазыған ана қыршын кеткен қызын еске алды.

– Мына терезелер жоғары қабатта тұратындардың балалары үшін қауіпті. Осы терезенің салдарынан қызымынан айырып қалғанмын. Қазір 17 жасқа толар еді. Әр баланың орны бөлек. Балаларыңызға абай болыңыздар, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ақмарал Әлменова.

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден жиі құлайды. Өкінішке қарай, бұл жағдай жыл сайын қайталануда. Былтырдың өзінде Ұлытау облысында осындай 7 факт тіркелсе, Сәтбаев қаласында 2 жағдай болған. Биыл да терезеден құлау дерегі тіркелген.

– Биыл Сәтбаев қаласында бір жағдай тіркелді. Гурба көшесі көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан 6 жастағы қыз құлап кеткен. Ол бала облыстық ауруханаға жеткізілген. Қазір баланың жағдайы тұрақты, – деді Сәтбаев қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Нұрболат Тыныбеков.

Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Бүлдіршіндердің өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі – терезеден құлау. Төтеншеліктер қайғылы жағдай болмас үшін жиһаздарды бөлменің ортасына қарай қойып, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.  

– Ашық тұрған терезенің балаларға қауіпті екенін ата-аналар ұмытпауы керек. Үйде балалар болған жағдайда ешқандай терезені ашық калдырмау керек, терезе алдына жиһаз қоймаңыздар, масаға қарсы торлар керісінше қауіптірек. Балаларыңыз терезелерді өз еркімен ашпауы үшін арнайы бекіткіш орнатқан абзал, – деді Нұрболат Тыныбеков.

Жаз мезгілінде биіктен құлап, ауруханаға түсетіндер тіпті жиілейді. Көп жағдайда бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалу мүмкін болмайды.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жол апатынан 5 адам көз жұмды