Алматыда 200-ден аса үздік тәртіп сақшысы марапатталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл қалалық Полиция департаментінің құрылғанына 32 жыл толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Кәсіби мереке қарсаңында міндетін адал атқарған, біліктілік танытқан Алматыдағы 200-ден аса үздік тәртіп сақшысы марапатқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара қалалық Полиция департаментінде өткізілді. Оған тәртіп сақшыларынан бөлек, сала ардагерлері мен қызмет жолында қаза болғандардың жақындары да келген. Жиында Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы сөз алып, қызметкерлерді мерекемен құттықтады.

– Қазақстандық полиция күнін мерекелеуге байланысты қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Қазақстан ІІМ және менің бұйрығымен департаменттің бірқатар қызметкері марапатталғанын атап өткім келеді. Барлық жеке құрамды және олардың отбасы мүшелерін кәсіби мерекемен тағы құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат және қызметте табыс тілеймін! – деді Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Іс-шара барысында ерлікпен қаза тапқандарды еске алу және олардың құрметіне гүл шоғын қою рәсімі де өткізілді. Ал биыл қалалық полиция департаментінің құрылғанына 32 жыл толып отыр. Бүгінде алматылықтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын күні-түні 6 мыңнан астам қызметкер күзетіп келеді.

– Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығынан қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесім үшін жоғары марапатқа ие болып отырмын. Осы салада үздіксіз 26 жыл қызмет етіп келемін. Мұндай марапат алу - мен үшін үлкен мәртебе. Қызметімді жоғары бағалағанына қуаныштымын, – деді Полиция департаменті штаб басқармасының бөлім бастығы Маржан Артықбаева.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы шулы мопедтерді ұстады

Новости партнеров