|
11.07.2023 | 19:06
1796

Алматының Медеу ауданындағы түйткіл қалай шешіліп жатыр

Көпшілік жылдап күткен жарық пен су жуық арада беріледі деген үміттенеді

Алматының Медеу ауданындағы түйткіл қалай шешіліп жатыр Almaty.tv

«Жарыққа жарымай, ауыз судан таршылық көріп отырмыз». Алматының Медеу ауданына қарасты мекенде ушыққан мәселе көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Даудың басы – дәмі бұзылған ауыз су. Таудан, иә сайдан аққаны белгісіз тіршілік нәрін мұндағы жұрт шелектеп тасып, тұндырып, тазартып ішеді. Өйткені, ел көшіп келгелі су тартылмаған, құбыр жүргізілмеген. Ал көптің амалсыз қарап отырғаны – жалғыз бұлақ. Бұлақ деген аты болмаса, мұның да тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтып отырғаны шамалы.

– Суды ешкім тексеріп жатқан жоқ. Жердің астынан қай жерінен шығып жатқанын ешкім білмейді. Сұмдық! Бір су мәселесін шешуге болады ғой, – деді қала тұрғыны Сайран Қыдырәлиев.

Шағынауданда шамамен 3,5 мыңнан аса адам тұрады. Тау бөктерінен төмен орналасқан тұрғындар үшін құдық орнатылған, бірақ мұнда да судың тасып жатқаны шамалы. Сондықтан, амалы таусылған жұрт ауыз суды сатып алып ішіп жүр.

Сыздықтап ағатын суды 5 литрлік ыдысқа толтыру үшін 5 минуттай уақыт кетеді. Машақатпен жеткен тіршілік көзі соның өзінде таза емес. Тұрғындар сараптама жасаған. Сол сараптаманың нәтижесінде судың шамадан тыс минералды екені анықталып отыр.

– Судың құрамында мыс пен темір өте көп. Екі рет арнайы құрылғымен тазартқанның өзінде оны ішуге болмайды. Мұны мен бекер айтып отырған жоқпын,  сараптама жасадық, Бұл – мамандардың бекіткен нәтижесі, – деді қала тұрғыны Наталья Корниенко.

Ішуге болмаса да, басқа амалы қалмаған жұрттың жағдайын әкімдік біледі. Былтыр құдық орнатқан. Бірақ мұндағы тұрғындарға түгел су жетпейтінін де жеткіздік. Жауап көңіл көншітпеді.

Шағымданып отырған саябақ тұрғындары. Олар суғармалы суды пайдаланады. Қазіргі уақытта су мен кәріз жүйесін жасау жоспарда жоқ. Алдағы уақытта 2025 жылы жоспарға енгіземіз, – деді Медеу аудандық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев.

Жоғарыда мұндағы шешілмеген түйіннің көп екенін айттық. Сағат санап күткізетін қоғамдық көлік пен жартылай жасалған жолды былай қойғанда, 1 күнде 3-4 рет өшетін жарық тағы бар. Әуел баста 100 адамға 1 трансформатор орнатылыпты, қазір бұл жүктеме 1000 адамға дейін артқан. «Талғардан келетін жарықтың жайы тұрмысымызға көп кедергі келтірді» дейді жұрт.

– Жаңбыр жауса, жел үрлесе, жарық өшіп қалады да аяқ асты қосылады. Сол кезде телевизор, тоңазытқыш күйіп жатыр, – деді қала тұрғыны Серік Момышев.

Су жайлы сұрауымызға жауап алған соң, бөлім басшысына электр желісінің жұмысындағы ақауды жеткіздік.

– Электр жарығына қатысты мәселе қыркүйек-қазан айында  80-90 пайызға шешімін табады, – деді Медеу аудандық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев

Елдің алды шағынауданға 20 жыл бұрын көшіп келген. Жоғарыда аталғанның бәрі күні кеше туған түйткіл емес. Көптің көзінде жылдап күткен жарық пен су жуық арада беріледі деген үміт бар.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир