Шымкентте бауыр мен бүйрек ауыстыруға мұқтаж жандар мұңын айтып шағымданды. Онсыз да ота жасауды жылдар бойы күттік деген науқастар кеше ғана сол мүмкіндіктен айырылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкентте бауыр мен бүйректі ауыстыруға мұқтаж науқастар қаланың денсаулық сақтау басқармасында шу шығарды. Сөздерінше, жылдар бойы кезекте тұрып, отаға бір қадам қалғанда аймақтағы жалғыз трансплантолог дәрігер жұмыстан қуылған. Шарасыз күйде қалдық деген науқастар маманды қайтарсын деп талап қойды.
– Он күн бұрын бір ота жасап шықтық. Енді екінші отаға анализ бәрін дайындап қойған кезде Абылай Донбай жұмыстан шығады деп тұр. Қаралатын дәрігер жоқ. Бар-жоғы екі-ақ ай өмірі қалған. Алматы, Астанаға апаруға жолға жарамайды. Түркістаннан Шымкентке әрең келіп отырмыз, – деді науқастың туысы Әсел Сейілхан.
Ал қаланың бас дәрігері Абылай Донбай басқаратын №1 қалалық ауруханадан біршама былық анықталғанын айтады. Жиі түскен шағымнан кейін тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде дәрілердің шамадан көп алынғаны және емдеуден бас тарту фактілерінің тіркелгені анықталған.
– Биыл 6 айда 25 шағым түскен. Оның ішінде 9-ы сапалы емдеу диагностикасы толық жүргізілмеген. Екіншіден, науқастарға көмек көрсету барысында кемшілік орын алған, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Шыққан шуға байланысты басынан дау арылмай келе жатқан трансплантолог Абылай Донбай да пікір білдірді. Сөзінше, қалада 2000-нан аса адам бауыр мен бүйрекке мұқтаж. Осы уақытқа дейін 200-дей науқастың ағзасын ауыстырдық деген ол бір жылдан бері қудалауға ұшырағанын айтады.
– Жұмыс істеткізбейді. Азаннан кешке дейін тексеру жүргізеді. Ашығынан айтқанда кадрлық бизнес. Себебі орнымызға адамдарды тағайындап қойған, – деді трансплантолог дәрігер Абылай Донбай
Абылай Донбай қаладағы №1 ауруханаға 2019 жылы бас дәрігер болып келген. Кешелі бері жұмыссыздар қатарына қосылған ол аталмыш мекемеде одан әрі ота жасай алмайтынын айтады. Енді дәрігер сотқа жүгінбек. Ал кезекте тұрған науқастарға жаңа трансплантолог маманды күтуден басқа амал жоқ.
Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы