Ветеринарлар үй құстарына мониторинг жасап жатыр
Маңғыстауда аққулардың қырылуына құс тұмауы себеп болған. Орнитологтар мен жергілікті мамандардан құралған жұмыс тобы осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде қырылған аққулардың саны 1100-ге жетіп қалды. Оның 40-тан астамы Қарақия ауданындағы теңіз жағалауынан, ал қалғандары Ақтаудың іргесіндегі Қаракөлден табылған. Соңғы санақ бойынша өңірде қыстап қалған 50 мың аққудың 2 пайызы қырылып қалған.
– Құс тұмауы бүкіл әлемде кең таралған. Каспийде ауру жағдайлары жиі тіркеледі. Екі жыл бұрын аққудың қара бас күлкі мен чеграва тұқымдары жаппай қырылған болатын. Қаракөлдегі құстардың өлімі де ерекше жағдай емес. Біз мұнда негізінен қысқа шыдас бермеген балапандардың қырылғанын көріп отырмыз. Бұл – табиғи процесс, – деді орнитолог Виктория Ковшар.
Аққулардың жаппай қырыла бастағанына да бір айдан асты. Түрлі болжам айтылды. Экологтар құстар Каспийге «Риксос» қонақ үйінен төгілген кәріз суынан уланды деп еді, олай болмай шықты. Себебі зиян қалдықтан келсе, аққулар ғана емес, басқа да құстар қырылар еді. Кейбірі қанаттылар аштан қырылып жатыр деп, еріктілерді азық тасуға шақырды. Содан жабайы құстарды қолдан азықтандырудың дұрыс еместігі айтылып, көлді инспекторлармен қорғауға тура келді. Мамандардың айтуынша, ендігі қауіп – құс тұмауын үй құстарына жұқтырмау.
– Неге десеңіз, вирус құстың дәреті арқылы шығады. Ол суда және жағалауда болады. Сіз жем апарамын деп барып, аяқ киімге жабысады, үйдің ауласындағы үй құстарына жұқтыруыңыз мүмкін, – деді Ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.
Ветеринарлар үй құстарына мониторинг жасап жатыр. Әзірге өлім жоқ. Соған қарамастан 3600 үй құсына екпе салынды. Алдағы міндет – Қаракөлдің статусын өзгерту. Сонда ондағы биоортаны айрықша қорғауға мүмкіндік болады.
– Қаракөлдің статусын жоғарылату керек. Қазіргі қаумал статусын табиғи парк немесе резервуар статусы берілсе, нақты қорғауға алынады. Тәулік бойы қорғау жұмысы жүргізіліп, ешкім рұқсатсыз кіре алмайды. Ешкім жуынды суын төге алмайды, қатаң қадағалау болады деген сөз, – деді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов.
Мамандардың айтуынша, аққулардың қырылуы әлі де жалғасуы мүмкін. Вирус өлі құстардың денесінде салқын ауа райында -27 градусқа дейін белсенді болады.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Бөрісырғақ жайында не білесіз