Әлеуметтік желіге тараған жазбаны оқып, түнде құдықтан су алуға көп ел дайындалып отырған секілді. Соңғы күндері қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні қыс күшіне еніп, қасқырлар ұйығады деген ақпарат тараған. Яғни түнгі уақытта өзеннен су алып шомылсаңыз, ауру-сырқау кетіп, жүкті келіншек «батыр» бала туады деген түсінік бар. Қазақта бөрісырғақ деген қандай амал? «Алматы» теларнасының тілшісі бағамдап көрді.
Қазақта әр жыл мезгілінде өзіне тән атауы бар амал көп. Мәселен ат құлағы көрінбейтін ақ боранды қазақ халқы ертеден «бөрісырғақ» деп атаған. Зертеушілер «оны славян халықтарының дәстүрлі күнтізбесіндегі секілді 1 түнге байлау дұрыс емес» дейді. Себебі бұл амал басталғанда қасқырдың аталығы мен аналығы жұптасады.
– Әлеуметтік желіде қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні Бөрісырғақ, яғни қыстың шілдесі өтеді деген ақпарат тарап жүр. Әр халықтың күнтізбелік білімі бар. Қазақта нақты күнді айту қиын. Қазақ жерінің батысында қаңтардың соңы мен ақпанның басында бөрілер ұйығады, – деді этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева.
Иә, қасқырлардың жұптасу уақыты әр өңірде әртүрлі жүреді. Әрі қазақ даласында бір уақытта ақтүтек боран бола бермейді. Бөрісырғақ амалы жаңа ай атауының туындауына да себеп болған. Сондай-ақ бұл айда ескеріп, есте ұстайтын шарттары да аз емес.
– Малшылар бұрынғы заманда малын өріске жібермейді. Себебі қасқырдың ашыққан кезі болады. Қасқыр қора-қора қойды, сиырды, бәрін қырып кетуге тырысады. Малдарды қаңтарып қойғаннан кейін қаңтар атайды. Қаңтарда жолаушы жүрмейді, той жасамайды, ұлы жұмыстар бастамайтын болған, – деді этнограф Болат Бопайұлы
Сондай-ақ желіде тараған ақпаратқа сай, бөрісырғақ кезінде жер бетіндегі барлық дүние тазарады. Сондықтан жүкті әйелдер осы амал кезінде суға түссе, іштегі баланың қасқырдай қайсар, мінезді болатыны айтылады-мыс. Бірақ анықталғандай мұндай түсінік қазақ халқында болмаған.
– Қыста екіқабат әйел суға шомылды деген өтірік. Халықтың арасында әртүрлі мәдениеттің келуімен шатасу көп. Біз дәстүрлі таныммен қарауымыз керек. Жазба және ауызша деректерге сүйенуіміз керек, – деді этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева.
Бөрісырғақ кезінде аңшылар да 2 айға жуық уақыт қасқырдың ізіне түспеуді серт көреді. Табиғаттың өзі де аңның жүріп өткен жолын жасыру үшін осылай мінез көрсетсе керек. Зерттеушілер «қауесеттің бәрін оқып, қам жасаудың қажеті жоқ» дейді.
Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы тауларында блокпостар қойылды