Алматыда Боралдай сақ қорғаны өртенді

14.08.2019 00:45

Өртенген аумақтың көлемі шамамен 1 гектар

Алматыда тілсіз жаудың тоқтайтын түрі жоқ. Қызыл жалын бүгін Алатау ауданында Боралдай сақ қорғанының қасында тұтанды. Сонымен қатар, индустриалды аймақтың маңы да өртке оранды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әрбір жерден шыққан түтін. Күлге айналған аумақ. Құдды бір соғыстан кейінгі көрініске ұқсайды. Бұл жер Алматыдағы Боралдай сақ қорғанының дәл іргесінде орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, қызыл жалын әп сәтте тұтанып, үйлерін шарпып кете жаздаған. Тіпті кейбір тұстары әлі де сөндірілмеген.

Түтінге түншықтық деген «Томирис» ықшамаудан тұрғындары өрттің түскі екі жарым кезінде басталғанын айтады. Қызыл жалынды әрең ауыздықтаған екен. Маңайдағы шөп ала жаздай құрап қалған. Оларды уақытында шауып, суарған адамдар мүлдем болмаған. Абырой болғанда үйлері аман. Өртенген аумақтың көлемі шамамен 1 гектар. Мұнда 3 техника және 10-ға жуық өрт сөндіруші жұмыс істеп жатыр.  

«Жасыл желек қурап тұр. Не су жоқ бұл жерде? Мынаның үйінде бір шелек су бар екен. Онымен өше ме? Су жоқ мына жерде. Қурап тұр жердің бәрі. Сондықтан тұтанған өрт бой бермеді. Әйтеуір әупірімдеп өшіріп алдық», – деді бір тұрғын.

«Алатау ауданы қалаға қарайды. Суды көктемде келеді деген. Әлі жоқ», – дейді келесі бірі.

«Үй аман. Айналасы қап қара. Өрт тоқтады. Көршілерім өшірді. Өрт сөндірушілер бір сағаттан кейін ғана келді», – дейді үйі өртене жаздаған бір тұрғын.

Алматының өндірістік орны саналатын индустриалды аймағының іргесі де өртке оранды. «Мәдениет» ықшамаудандағы жазық жер күлге айналды. Ортадағы құрылыс жасап жатқан үйге құдай сақтап от тимепті. Мұндағы шөптің ұзындығы белуардан асады. Екі техника мен 10-ға жуық маман қызыл жалынды ауыздықтауда.

Айта кетейік, бұл соңғы үш күнде ресми тіркелген бесінші өрт. Есте болса, 11 тамыз күндізгі 2-лерде Көктөбе маңында өрт тұтанып, оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барған еді. Тілсіз жауды өшіруге тікұшақтар мен бірнеше техника жұмылдырылған. Артынша екінші нүктеден де от шығып, жалпы аумағы 20 гектар алқап жанып кеткен болатын. Құтқарушылар оқиға болған жерден адам мәйітін тапты. Бүгінде осыған қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Ал, кеше үшінші нүктеден өрт шыққан еді. Төтеншеліктер оны 3 сағат ішінде өртті сөндірді. Жалпы өрттің шығуына күннің қатты ысуынан шөптер мен ағаштардың кеуіп кеткені бірінші себеп.