|
20.07.2022 | 19:08
4322

Алматы әуежайындағы ескі терминалға қатысты жоба таныстырылды

Халық пікірін әуежай сайтына жаза алады

Алматы әуежайындағы ескі терминалға қатысты жоба таныстырылды Almaty.tv

Көшіру немесе қалдыру. Бүгін Алматы Халықаралық әуежайын салуды қолға алған құрылыс компаниясы жұртшылыққа ескі терминалға қатысты жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Алматы Халықаралық әуежайындағы сары, ескі ғимараттың төңірегіндегі пікірталас әлі таусылар емес. Бұл Алматы әуежайының сонау 1936 жылы салынған ең алғашқы ғимараты. Кезінде ең мықты деген отандық сәулетшілер тұрғызған. Сонысымен де құнды. Әрі мына сыртқы кейпі, қабырғасындағы оюлары, витраж терезелері, төбесіндегі мұнара да алматылықтар үшін ыстық. Сондықтан қазір жаңа әуежайды салуды қолға алған инвесторлар бұл нысанды орнында қалдыруды немесе басқа жерге көшіруді ұсынып отыр.

Жаңа әуежайдың құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. 50 мың шаршы метрден асатын алып терминалдың іргетасы құйылып, қабырғасы көтеріліп келеді. Бірақ осыған дейін ВИП қонақтарды қабылдап келген көне ғимараттың жайы толық шешімін таппады. Қазір нысан іші бос тұр. Мәселені шешудің екі жолын ұсынған компания мүшелері бүгін жүргізілген халықаралық сараптама нәтижесін таныстырды.

«Бұл ғимараттың тарихи-мәдени мәні зор. Бірақ оны қалдырсақ, онда бір жағынан, нысанды қазіргі терминал жауып тастаған. Екінші жағынан, жанында қонақүй тұр. Көп ұзамай тура алдына автокөліктерге арналған эстакада түседі. Кейін артында жаңа терминал пайда болады. Түптеп келгенде ғимарат сәулеттік кейпін жоғалтады», – деді TAV компаниясының экология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Юлия Аллахвердиева.

Байқағанымыз, құрылыс компаниясы ғимаратты қалдырғаннан гөрі Ахметов көшесіне көшірген тиімді болады дегенді алға тартты. Егер ауыстырса онда оған 4 жарым млн доллар қаржы жұмсалмақ. Талқылауға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, сәулетшілер, экологтар және кәсіпкерлер қатысып, түрлі пікір, ұсыныс айтылды. Мәселен отандық сәулетші Айдын Ақбай ескі ғимаратқа тиіспей, оны жаңа ғимаратпен тамаша үйлестіруге болады деп өзінің жобасын таныстырды.

«Құрылыс компаниясы жасаған жобасын алып, соның негізінде ескі және жаңа ғимаратты үйлестіретін жоба жасап шықтым. Яғни олардың ұсынып отырғандарына қатты өзгеріс енбейді. Тек ескі ғимараттың шатыры заманауи қалқанмен жабылады. Жалпы мен ұсынып отырған жобада ғимаратты ауыстыруға қосымша қаржы жұмсалмайды, тарихи ғимарат та қалады. Адамдарға демалатын аумақ, көлік тұрағы болады», – деді сәулетші Айдын Ақбай.

Ал қоғамдық кеңес мүшелері мен экологтар қайткенмен жаңа терминал керек деген пікірде. Өйткені әуежаймен ұшатын жолаушылар көлемі жыл сайын өсіп жатыр. Жаңа терминал 2032 жылы 10 млн жолаушыны қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал өзге кейіпке енген бас қақпаны 2024 жылдың жазында іске қосу жоспарланыпты.

Жолаушылардың саны артса, экономикамыз көтеріледі, жұмыс орны көбейеді. Ғимаратты олар оң жағына көшіреміз деп тұр ғой. Сол шешімді қабылдап, ғимаратты да сақтап, жаңа терминалды да салған дұрыс сияқты», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Жанар Құрабаева.

Мамандардың айтуынша, жаңа терминал халықаралық рейстерге арналады. Ал қазір жұмыс істеп тұрған әуежай ішкі бағыттағы ұшақтарды қабылдайтын көрінеді. Терминалды салуға 200 млн доллар инвестиция тартылған. Ал оның жаңа дизайнын талқылау 4 тамызға дейін жалғасады. Халық өз ұсыныс, пікірін әуежай сайтында білдіре алады.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир