DeFacto Fm: талдықорғандық балалар «Алматы» телеарнасына қонаққа келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жас әріптестер арнаның түсірілім алаңымен, жаңа студиясымен танысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талдықорғандық «DeFacto Fm» инклюзивті ақпараттық порталының мүшелері «Алматы» телеарнасына келді. Биыл екінші рет «Алматы» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілген ашық есік күнінде әр бөлімнің қызметі де таныстырылды. Іс-шара Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орайластырылған.

«DeFacto Fm». Бұл – ерекше балалардың басын біріктірген бірегей жоба. Топ 15 адамнан тұрады. Олардың қатарында ерекше күтімді қажет ететін жас журналистер де бар. Барлығының мақсат-мүддесі бір – тіршіліктің қазанында қайнап, шеберлігін шыңдау.  

– Біз ресми бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркелгенбіз. Лицензия, авторлық құқық, барлығы бар. Жобамыз 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қуантарлығы, «Алматы» теларнасының ұжымы бізді шақырып, қатардан кем қылмай, елеп-ескеріп, шынайы ниетпен қабылдап жатыр. Сол үшін алғысым шексіз, – деді  «DeFacto Fm» инклюзивті ақпараттық порталының жетекшісі Гүлвира Таубалдинова.

«Алматы» телеарнасына келген жас журналистің бірі – Дильфируза Омарбаева. Ол - 12 жаста. Журналист болу, бұл салада қызмет ету – оның бала арманы еді. Дильфируза  журналистикаға алғаш қадам басқандағы қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін, сондай-ақ қиындығы болғанын айтты.  Оның сөзінше, жетекшісінің көмегімен білімін жетілдіріп, тәжірибесін молайтқан.  

– Мен белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаевадан сұхбат алып үлгердім. Бара-бара тәжірибемді ұлғайтып келемін. Қазір сұхбаттан бөлек, сұрақ дайындауды, журналист ретінде кадрда сөз айтуды да үйреніп жатырмын. Ал бүгін «Алматы» арнасына екінші рет келіп отырмын. Мұнда барлығы ұнап жатыр. Болашақта танымал журналист болғым келеді және біздің кішігірім арнамыздың әлемдік деңгейге көтерілгенін қалаймын, – деді  «DeFacto Fm» инклюзивті ақпараттық порталының мүшесі Дильфируза Омарбаева

Жас әріптестер арнаның түсірілім алаңымен, жаңа студиясымен танысты. Олар телеарнаның «жаңалықтар» сияқты бірнеше бөлімінің қызметіне үңілді, ішкі өмірінен хабардар болды. Сондай-ақ көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.

– Бұл талдықорғандық инклюзивті ақпараттық порталымен екі жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Былтыр жас журналистер біздің арнаға келіп, шеберлік сабағына қатысқан. Биыл сол үрдіс қайта жалғасын тапты. Жобаның әр мүшесі көлемді дүние жасап келеді. Өңіріндегі әлеуметтік, мәдени және экономикалық бағыттардағы мәселелерді жүйелі қамтып келеді. Маңызды сұхбат құрып, халықаралық конкурстарда да бақ сынап жүр. Өзара ынтымақтастық орнап, байланыстың нығайып жатқаны қуантады, – деді «Almaty» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.    

Телеарнаның ішкі тынысымен тыныстап, бойына күш-қуат жинаған жастар, кейін Алматы хайуанаттар бағына бет алды. Экскурсияда олар жануарлар әлемімен танысып, қайталанбас естелік жинап қайтты. Еске салайық, биыл бұл игі іс-шара бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Рүстем Айткәрім, Айдана Нұраш, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шырқа, Қазақстан: «Алматы» телеарнасы ұсынған мега жобаның іріктеу кезеңі аяқталды

Новости партнеров