Мұндай игі шараны Қасиетті Құрбан айт қарсаңында этномәдени орталықтар өздері ұйымдастырған
Мың алғыс! Осылай деп ұрандатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы коронавируспен күресіп жатқан Алматыдағы үш ауруханаға бес тоннадан астам азық-түлік табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай игі шараны Қасиетті Құрбан айт қарсаңында этномәдени орталықтар өздері ұйымдастырған. Олар қаражат жинап, қиындықпен бетпе-бет келген дәрігерлерге алғыс айтқыcы келген. Бүгін жүк көлігі тура аурухананың алдына қап-қап дәнді дақыл, ұн, макарон, сұйық май секілді қажетті азық-түлікті әкелді. Бұл Алматыдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы көмегі емес. Болашақта тағы да игі істерге мұрындық болуды көздейді.
«Біз орталық қалалық клиникалық ауруханаға, ересектер және балаларға арналған қос инфекциялық ауруханаға да көмектесіп жатырмыз. Қосымша жинақталған азық-түлік пакеттерінен бөлек, қалғанын қаппен әкелдік. Өздері бөлісіп алса дейміз. Дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз. Күн-түн демей жұмыс істеп, отбасынан алшақ жүргендері, әрине, жанымызға батады. Сондықтан өзбек, дұнған, ұйғыр және татар этномәдени ұйымдары көмек көрсету туралы бастаманы бастады», – деді қалалық мәслихаттың депутаты, «Илдаш» татар орталығының төрағасы Нурия Ниязова.
Қазіргі кезде орталық қалалық клиникалық ауруханада 500-ден аса медициналық қызметкер жұмыс істейді. Оның қатарында 120 дәрігер, ал 140-тан астамы орта және кіші санаттағы қызметкерлер. Гуманитарлық көмекті алған аурухана басшылығы енді азық-түлікті теңдей үлестіріп бермек. Әр бөлімдермен қатар, мүгедек баласы бар, жағдайы төмен және көп бала асырап отырған қызметкерлерге де көңіл бөлінеді.
«Құрбан мерекесінің алдында осындай беріп жатқан қолдау, осындай беріп жатқан көмектеріңізге мың алғыс білдіреміз. Әрине, ол біздер үшін осындай пандемия кезінде үйінен алыста осындай қиын, ауыр жағдайда жұмыс істеп жатқан біздің қызметкерлерімізге өте үлкен көмек. Өте үлкен қолдау», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Гүлбану Қонаева.