Күллі түркі әлемі көз тіккен дүбірлі дода – Көшпенділер ойынында қазақтың қолөнершілері шеберлігін көрсетеді. Апта бойы өтетін аламанға елімізідің түкпір-түкпірінен 1000-нан аса құрақшы келіп қатысады. Қазақы ою-өрнектерді әдемі кескінмен кестелеп, ұлттық жәдігерімізді ұлықтауды мақсат еткен ісмерлер биыл да рекорд жаңартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшіісі.
Көз майын тауысып, әр тігісті әдемілеп бастыру оңай шаруа емес. Шеберлерге ептілікпен қатар, төзім қажет. «Қағаздағы кескінді келістіріп, матаға түсіру үшін апталап жүретін кездер болады» дейді Көшпенділер ойынына қатысатын Аманкүл Дәметова. Жасы 70-ке келсе де, әлі күнге ине-жібін қолынан тастамаған. Алдағы дүниежүзілік додаға Жамбыл облысынан арнайы келді.
– Қазақ өнерін паш етуге ат салысып жатырмыз. Біздің миссиямыз – құрақты әлемге таныту. Екінші 1000 құрақшы, 1000 көрпе келешекте осы қазақ әйелдері мың құрақшыға жететініне сенімдімін. Былтырғы аламан көрпеге 2000 құрақшы қатыссақ, биыл 450 адам келді, – деді Жамбыл облысының тұрғыны Аманкүл Дәметова.
Елордада өтетін дүбірлі додада еліміздің шеберлері 500 құрақ көрпе тігіп, рекорд орнатуды көздеп отыр. «Аламан құрақ» жобасына әр өңірден шеберлер қатысады.
– Алла қаласа, 8 қыркүйекте Тайқазанның жан-жағына 450 көрпемізді жайып, кілем тәріздес құрақ көрсетеміз. Көрпе қазаққа тән оюлармен құралды. Ортамыздағы үлкен оюымыз төртқұлақ деп аталады. Халықта қошқар мүйіз деп те айтылады. Төрт түлік аман болсын деген ниетпен ортағы қошқар мүйізді қойдық, – деді «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайхан.
Бұл шеберлер өткен жылы да рекорд жаңартқан. Ол кезде 200 құрақшы 500 метрлік көрпе тігіп, көпті таңдай қақтырған. Биыл да ұйымдастырушылар қолөнершілерге қолқа салған. Ұсынысты қабыл алған қатысушылар алда өтетін көрмеге дайындығымыз ойдағыдай дейді. 11 мың метрлік көрпе тігіп, түркі әлемінің додасында топ жаруға ниеті.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда «Алаш ардақтысы» атты кітап жарық көрді