Туабітті жұлын жарығына шалдыққан 9 жасар Нұрланға шұғыл ота жасату қажет. Арбаға таңылмаудың жолын іздеп, аласұрған ана жүрегі әлі де жақсыдан үмітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айгерім Шынтемірова баласының денсаулығында кінәрат барын жүктілігінің алтыншы айында біліпті. Туабітті дертпен содан бері күресіп келеді. Баланың омыртқа жотасындағы ауытқушылығы ол өскен сайын күрделене беретін көрінеді. Сондықтан, «арбаға таңылмай тұрғанда аурудың жолын кессек» дейді көпбалалы ана.
«Жұлыны жабысып тұр деді. Яғни, жұлын-ми тыртық болған жерге жабысып тұр. Қазір баланың бойы өсетін шағы ғой, егер қатты өссе жұлынның өсіп кету қаупі туып тұр. Бала жүрмей қалуы мүмкін деді мүлдем», – деді Нұрланның анасы Айгерім Шынтемірова.
Бір қиыны, жұлын қызметінің бұзылуы – өзге ағзаның жұмысына да әсер етеді. Әсіресе, баланың дәретке баруы қиындайды. Салдарынан бүйректің ауруы пайда болуы мүмкін. Арайлым баласының дертін бұған жеткізбеу үшін жанталасып-ақ жатыр. Соның өзінде, қазір Нұрланның бір құлағы естуден қалған.
«Сырт көзбен қарасаңыз білінбейді, әрине. Сау бала сияқты көрінеді ғой. Бірақ күнде сол, белім ауырды деп жатып қалады. Құрдастарымен ойнаса, шаршап жүре алмай қалады. Одан бөлек, бір аяғы кіші боп туған. Бір аяғы ақсап қалады», – деді Нұрланның анасы Айгерім Шынтемірова.
Дертіне дауа іздеген Нұрланға қаңтарда ота жасалуы тиіс. Бір жыл бойы кезекте тұрып күткен емге ата-ана қолдан келгенше қаржыны жинап-ақ жатыр. Дегенмен, қажетті сома әлі де табылмай тұр. Ал баланың денсаулық жағдайын мұқият зерттеген мамандар «отадан кейін бала 98 пайыз аурудан айығуы мүмкін» деп отыр.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы