Ұрланған смартфондар бірыңғай базаға тіркелуі мүмкін

29.10.2022 в 00:09

Алматыда 10 айда 2163 адам ұялы телефонын ұрлатқан

Алматыда 10 айда 2163 адам ұялы телефонын ұрлатқан. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 34% өсті. деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал қолды болған тауарды  қолданысқа енгізуге сатушылардың да қатысы бар.

Бір дүкенге күніне кемі 7 адам тауарын өткізіп беруді сұрап келеді. Ал оның қайсысы ұрланған екенін ажырату қиын. Қолды болған телефон екенін білмесе де, оны сатып бергені үшін жауапқа тартылатын да осы – сатушылар.

Алматыда үш жерде телефон сататын дүкені бар азамат бұған дейін бірнеше рет ұрылардың сыбайласы деген күдікке ілініпті. Өйткені, сатқаны - қолды болған тауар. Телефонды құқық қорғаушыларға өткізгендіктен, әр смартфонның ақшасын о бастағы иесіне де өз қалтасынан төлеген.

«Сатып алған тұтынушыға оперлер барып телефонын алып кетеді, «Мынау ұрланған сотка» деп. Ал ол телефонның орнына басқа телефон немесе сол ақшаны біз төлеу керекпіз. Сұрағымыз, неге бізге көмектеспейді? Неге шығынды біз өтеу керекпіз?» –  деді сатушы Жұмабек Абдухаимов.

Мұндай жағдайға тап болған сатушы аз емес. Өздері де шағым айтып, құқық қорғаушыларға жүгінген. Ендігіде прокуратура талап-арызды ескеріп, жаңа жоба дайындап жатыр. Соған сәйкес, ұрланған смартфондар бірыңғай базаға тіркелуі мүмкін.

«Ұрланған телефондар мәселесін шешу мақсатында осындай бастама жасаймыз. Оң нәтижесі болады деп есептейміз. Жалпы, қылмыстың азаю динамикасына да оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз», – деді Алмалы ауданы Бас прокурорының орынбасары Ақан Ысқақов

Алматының өзінде жыл басынан бері 14 мыңнан астам ұрлық фактісі тіркеліпті. Оның жетіден бірі - дәл осы ұялы телефонның жыры. Ал арада опық жеп отырғандар тез арада жобаның қабылданып, істің біржақты болғанын сұрайды. Әзірге прокуратураның бастамасы заңды күшіне енген жоқ.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы