Елімізде жыл сайын 150-ден астам қылмыс тіркеледі
Жоғары палата өкілдері адам саудасына қатысты заңды мақұлдады. Жан баласының қызметін пайдалану, жеке басына қауіп төндіру мен құлдыққа салу, арын сату әрекеті қылмыспен теңестіріледі. Мұндай қадамға барғандарға тиісінше жаза да күшеймек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаһандық проблемаға айналған адам саудасы Қазақстанды да айналып өтпеді. Елімізде жыл сайын 150-ден астам қылмыс тіркеледі. Кісі қолында азапталып, құқығы тапталып, одан қалды зәбір көргендердің көбі – әйелдер мен жасөспірімдер. Ішкі істер министрлігіндегілер соңғы жарты жылдықтағы жағдай мәз емес екенін алға тартты. Жөргектегі сәбиді саудаға салатын көкек аналардың көбейгенін жасырмады.
– Биыл елімізде бала сатуға қатысты 6 жағдай тіркелді. Қуантарлық жағдай емес. Өткен жылы бала сатумен 19 қылмыстық іс тіркелген. Мұндай әрекетке баратындардың көбі - перзентханалардың, балалар үйінің қызметкерлері. Оларға жаза қатаң. Балаларды сатқаны үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – деді ҚР ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Қылмыстың жазасы емес, құны құнықтырып тұратын көрінеді көбін. Қоғамдағы кеселдің жолын кесу үшін жоғары палата жаңа құжатты қабылдады. Жан баласына кесірі тиіп, мәжбүрлеп еңбекке пайдаланған, адам ағзасын саудаға салғандарға қылмыстық жаза қарастырылады.
– Заң 6 тарау, 25 баптан тұрады. Оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимылдың негізгі ұғымдары көрсетілді. Сонымен қатар адам саудасына қатысты іс-қимыл субъектілерінің құзыреті бекітілді, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек.
Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Жаңа заң жаһандық проблемаға тұсау салуға бағытталады. Шекара асып, тән сатып кететіндерге де тосқауыл қарастырылған. Трансұлттық топтардың да заңсыз әрекеттеріне қылмыстық жаза қарастырылған. Тағы бір маңызды тұсы, ел аумағында адам саудасының құрбаны болған шетелдіктерді отанына қайтаруға мүмкіндік жасалады.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Аттракционнан секірген әйелдің үйінен қызының мәйіті табылды