Жылқыны күрекпен ұрғандарға қатысты тергеу жұмыстары басталды – полиция

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлеуметтік желілерде жылқы малын ер адамдардың бірі күрекпен, енді бірі қамшымен сабап жатқан бейнежазбасы тарады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жылқы малын аяусыз соққыға жыққандарға қандай жаза қолданылады? Асыл тұқымды түлікті бірі күрекпен, енді бірі қамшымен сабап жатқан бейнежазба күні кеше ғана әлеуметтік желіде тез тараған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Желі қолданушылары жылқыны жүк көлігіне күштеп мінгізіп, қасапханаға апармақ болды деген ақпаратты қызу талқылады. Ал шындығында қалай? Қасиетті жануарға не себепті қорлық көрсетілді?

Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желіге тарап, көптің қызу талқысына түскен бейнені көргенде Әдемі Баталованың жүрегі ауызына тығылыпты. Себебі, мұндай қасиетті жануардың онға жуық түрін өзі баптап өсіріп отыр. Видеодан зәбір көрсетіліп жатқан жылқыны көріп, сол орталыққа өзі арнайы барады. Жай ғана бармай, екі жылқыны сатып алыпты.    

«Мал дәрігерлері оның қатты жараланғанын айтты. Аяқтарын көрсеңіз, қан жоса, қып-қызыл. Тіршілік иесін бұлай қорлауға болады ма екен? Көріп шыдай алмадым», – дейді ат спорты орталығының басшысы Әдемі Баталова. 

Көпшіліктің көңілін аударған оқиға дәл осы орталықта болған. Бастапқыда тілшілерге түсініктеме беремін деп шақырған нысан иесі сұхбат беруден бас тартты. Қызметкерлерінен жиналысқа кеткенін естідік. Жағдайға қатысты өз аузынынан естуге барғанымызда ұшты-күйлі жоқ болды. Кейіннен әлеуметтік желіде көпшіліктен кешірім сұраған видеосы жарияланды.   

«Құрметті ат спортының жанкүйерлері! Осы оқиға үшін ұжым атынан кешірім сұраймын. Қазір қызметкерлерімізге арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жылқы малына зәбір көрсеткендерге қатаң түрде ескерту қолдандық. Ал атты қасапханаға апарып сою деген – жалған ақпарат», – деді ат спорты орталығының басшысы Жасұлан Кідірбаев.

10 жылдан бері атбегілікті кәсіп еткен Нұрбол Бөрікбеков қасиетті жылқы малының орташа өмір сүру жасы 25-27 жыл дейді. Одан кейін күш қуаты кетіп, көкпарға да, шаруаға да жарамайды екен. Мұндай кезде жылқыны өріске жібереді немесе сойып, азық етеміз дейді атбегі.  

«Қазақта «Жаман атқа мың қамшы, жақсы атқа бір қамшы» деген сөз бар. Ат қамшыдан қорқуы керек, қамшылағаннан емес, қамшыдан қорқуы керек. Онымен ұрады-ау деп, шабандозға көрсету керек. Ат қамшы арқылы тәрбиеленеді», – дейді атбегі Нұрбол Бөрібеков. 

Бұл іске қатысты тәртіп сақшылары тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді. Қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов өзінің Instagram-парақшасында бейнежазбаны жариялап, істің аяқсыз қалмауын қадағалайтынын айтты.  

Қазақ жылқыға малдың патшасы деп қараған. Қасиетті санайды, жылқының жақсысын арғымаққа балайды. Оны ұрып-соғу былай тұрсын, оған ерекше бап жасап, төрт түліктің төресі санаған. Осындай теңеулерден кейін оған қорлық көрсеткендердің ісін айуандыққа балауға болатын шығар, сірә.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров