2021 жылға дейін мұндай 900-ден астам пәтер тапсырылмақ
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылынан жоғары аумақ көпқабатты ғимараттардан арылуда. Соның арқасында шаһар тынысы ашылып, ауа тазарып келеді. Бүгінде мұнда салынып жатқан нысандар 3 қабаттан аспайды. Соның бірі «Esentai city» тұрғын үй кешені. Тұрғызылған үйдің биіктігі 12 метрден аспайды. Қазір 350-ден астам пәтер пайдалануға берілген. 2021 жылға дейін жалпы 900-ден астам пәтер тапсырылмақ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марал Бұқаева жаңа пәтерінде жөндеу жұмыстарын аяқтап, қазір көшуге әзірленіп жатыр. Ол отбасымен Алматыға жолдасының жұмыс ауыстыруына байланысты қоныс аударған. Баспана іздегенде ең бастысы қауіпсіздік, орналасқан жері мен инфрақұрылымына мән бергенін алға тартады. Екі бала тәрбиелеп отырған отбасының таңдауы «Esentai city» тұрғын үй кешеніне түсіпті.
«Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келіп, екі күн пәтер іздеп, осы тұрғын үй кешеніне таңдауымыз түсті. Неге десеңіздер, сапасы өте жоғары. Өзіміз бұрын Еуропада тұрғанбыз, сол жақтың сапаларынан кем түспейді», - дейді Марал Бұқаева.
Тұрғын үй кешені әл-Фараби даңғылынан жоғары жағына салынған. Бұл жерден әсем қала Алматыны биіктен қарап отыруға болады.
«Жобаны литвалық сәулетшілер дайындады. Кешенді тұрғызуға 60% отандық тауар пайдаланылған. Жалпы 1286 пәтер тапсырылады. Соның ішінде 550 сатылған болса, 350-і қолданысқа берілген. Тұрғын үйден бөлек, кеңсе, мейрамхана, сауда орындары мен қонақ үй де салынады», - дейді PARMIGIANO GROUP компаниялар тобының негізін қалаушы Алмас ӘБДІҒАППАРОВ.
Айта кетейік, бұл аумақ екі жыл бұрын игерілмей бос жатқан еді. Қазір мұнда шағын қалашық пайда болды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Кезең-кезеңімен жаңа үй тапсырылуда. Ол 4 кезең бойынша тұрғызылып бітеді дейді.
«Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында 3 қабаттан жоғары қандай да бір ғимарат салуға тыйым салынған. Сол себепті бұл тұрғын үй кешені 3 қабаттан аспайды. Барлық талаптарға сәйкес келеді», - дейді Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы Дәурен ТҰРЫСБЕКОВ.
2016 жылдың ақпан айында Елбасы әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан ғимараттардың экологиялық ахуалға келтіріп жатқан залалын тілге тиек еткен болатын. Тұңғыш президент қалаға таудан соғатын самалдың маңыздылығын ескерткен еді.
«Мұндай шараны қолға алғаны қуантады. Себебі, бей-берекет салынған нысандар көшкін қаупін жоғарылатады. Таудағы ең басты қауіптің бірі осы. Біз алматылықтар самал не екнінін жақсы білеміз. Бұл таудан келетін жел. Осы арқылы қаланың тынысы ашылып, ауасы тазарады. Егер нысандар тым тығыз болса, ауаның да алмасуы қиындайды», - дейді эко-архитектор Жанна СПУНЕР.
Таудан ескен самал қалаға қажетті таза ауаны қалыптастырып, экологияны жақсартуға ықпалын тигізеді. Оның үстіне бұл жер сейсмикалық тұрақсыз аудан. Осыған байланысты, қала билігі мен құрылысқа жауапты шенділер бас жоспарға өзгерістер енгізді.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы