«Шешімі бар» бағдарламасының жаңа маусымы 14 қыркүйектен бастап көрермен назарына ұсыналады

11.09.2020 00:20

Бағдарлама «Алматы» арнасынан дүйсенбі мен сәрсенбі күндері аралығында кешкі сағат 18:00-де шығады

Almaty.tv

«Шешімі бар» бағдарламасының күзгі маусымы 14 қыркүйектен басталмақ. Әлеуметтік жоба Алматы телеарнасынан көрсетіледі. Талай мұқтаж жандарға қол ұшын созған хабардың осы жолғы ерекшелігі қандай болмақ? Бағдарлама қандай тақырыптарды арқау етеді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Көрерменнің жүрегінен орын таба білген ауқымды жобаның ел назарына ұсынылғанына 1 жылға жуықтады. Осы аралықта әлеуметтік хабар талай шешімін таппай жатқан мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болды. Бағдарлама продюсері бұл жоба – үлкен сезімдердің ордасына айналды, дейді.

«Жаңа маусымда көптеген жақсы игі істер ойда тұр. Соның бәрін сәтті аяқтауға тырысып жатырмыз, жұмыс жасап жатырмыз. Екі тілдегі хабарда да тек әлеуметтік мәселелер сөз болады, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлар түсіріледі», – деді «Шешімі бар» бағдарламасының продюсері Әлия Құдайбергенова.

Бағдарламаның бұған дейінгі хабарларында көптеген игі істер жасалды. 4 отбасы үйлі болды. 80 жастағы қария туыстарын тапты. Туған анасын 30 жылдай көрмеген жігіт жақындарымен қайта қауышты. «Бұл атқарылған істің бір бөлігі ғана», – дейді әлеуметтік-тұрмыстық жобаның жүргізушісі. Ол «Шешімі бар» ұжымы мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын созуға дайын екендігін айтады.  

«Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, түрлі тағдырдың ауыртпалығын жеңілдетуге, бір шетін көтерісуге біздің ұжымдағы редактор қыздарымыздың, журналистеріміздің атқарған жұмысы зор. Ауыр жүк арқалағандар – солар», – дейді  «Шешімі бар» бағдарламасының жүргізушісі Азамат Шарғын.

«Шешімі бар» бағдарламасының 3-маусымы карантин кезінде алғы шепке шығып, халық үшін қызмет еткен дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына арналған еді. Телевизиялық жобаның жаңа маусымында да көмекке мұқтаж жандардың проблемасы басты назарда қала бермек.

«Қазір «Шешімі бар» және «Есть решение» хабарларының жаңа маусымын бастап жатырмыз. Өткен маусымда көмектескен кейіпкерлеріміз болса, енді осы маусымда да өте үлкен ауқымда шаралар жасап жатырмыз. Хабардың ең басты мақсаты – шын мұқтаж жандарға көмек көрсету», – дейді «Шешімі бар» бағдарламасының шеф-редакторы Сая Әбдіғаппар.

Бағдарлама «Алматы» арнасынан дүйсенбі мен сәрсенбі күндері аралығында кешкі сағат 18:00-де шығады.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы