Жыл соңында Алматы халқы тақтайдай тегіс әрі ыңғайлы жолдармен жүре алады. Қалалық мобилділік басқармасы мегаполистің 230 көшесінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шұғыла шағынауданындағы Дала көшесі бұрын-соңды жөндеу көрмеген. Тұрғындар «шұрқ тесік жол мен лай-батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес еді» дейді. Қазір мұнда түбегейлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін топырағы қазылып, үстіне кезең-кезеңмен бірнеше қабат жол жабындысы төселмек.
– Мына 3,4 шақырым аумақта дайындық жұмысын жасадық. 20 қыркүйекке дейін толық бітеді деп жоспарланып отыр, асфальт салынады. Қалған 3,4 шақырым аумақта қазір инженерлік желілерді салу жұмысы жүріп жатыр, – деді мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телбаев.
Наурызбай ауданында биыл 14 шақырым жолды орташа жөндеу қарастырылған. Қазір шаруа Қалқаман, Рахат шағынауданында жүріп жатыр. Ал Ақжарда 3 шақырым жолға асфальт-бетон жабындысы қыркүйектің соңына дейін төселмек. Қалған бөлігінде инженерлік желілер салынып жатқандықтан, жұмыс жыл соңында бітеді. Ал Алатау ауданында 63 шақырым жолды жаңарту жоспарланып отыр.
– Фариза Оңғарсынова көшесінің бойында тұрмыз. Бұл көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне 6-7 жылдан астам уақыт өтті. Биыл Қарасу ықшамауданында 14 шақырым жол жөндеу жұмысы жоспарланса, тағы да 14 шақырымдай аумақ жөндеуді қажет етеді, – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.
Қазір жолдарды жаңадан салу және жаңарту шаруалары мегаполистің барлық ауданында қарқынды жүріп жатыр. «Әсіресе, шеткі аймақтарға көп көңіл бөлінді» дейді мобилділік басқармасының басшысы. Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмысына 10-12 күн уақыт кетеді.
– Орташа жөндеу жұмыстарында біз асфальт-бетонның бұзылған жабындысының 5 сантиметрін ғана ауыстырамыз. Ал құрылыс жұмыстарын жасау үшін жоба дайындалады. Мысалы біз тұрған жер қазылып, астына 20 см құм мен қиыршық тас қоспасы төселеді, – деді мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телбаев.
Жалпы қалада жыл соңына дейін 230 көшеде 200 шақырым жол жөндеуден өтпек. Оның 15-і - магистральді көше. Ол үшін жергілікті бюджеттен 20 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал келесі жылы 79 километрден астам жаңа жол салынады деп жоспарлануда.
Аяулым Көлжігіт, Айдана Нұраш, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Абай, Сейфуллин және Әл-Фараби даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары қашан аяқталады