Қазақстан және бейбіт атом: Алматыда ғалымдар бас қосты

17.09.2024 00:11

Сарапшылар АЭС-тің қауіпсіздігі, атом энергетикасының даму тенденцияларын сөз етті

Almaty.tv

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Қазақстан және бейбіт атом: жаңа мүмкіндіктер мен даму басымдықтары» тақырыбында жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ядролық физика, атом энергетикасы сынды саланың сарапшылары және жетекші ғалымдар бас қосқан іс-шарада бірқатар мәселе талқыланды. Оның қатарында АЭС-тің қауіпсіздігі, атом энергетикасының даму тенденциялары және ондағы тың технология мен инновациялар, сондай-ақ кадрлық әлеует тақырыбы қамтылды.

– Қазақстанда кадрлық потенциал бар. Бізде Курчатовта, Алматыда зерттеу реакторлары бар. Басқа да ядролық құрылғылар жоқ емес. Білім беру жағынан да бірнеше академиялық бағдарлама бар. Сондықтан бұл мәселені өте күрделі деп айта алмаймын, – деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бөлімінің басшысы Дәурен Әбен  

Елдегі электр энергиясының 57 пайызы көмірден, 29 пайызы табиғи газдан өндірілсе, 13 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Сол себепті сарапшылар әлі де болса, экологияға кері әсерін тигізбейтін электр стансаларын салудың маңызына да тоқталды. Сондай-ақ мамандар «Ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуы және саладағы тұрақтылық, энергетикалық сектордың дамуы, экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылу перспективасы тұрғысынан атом энергетикасына балама жоқ» деген пікір білдірді.

– Республика дамимын десе, міндетті түрде энергия керек. Бүгінгі таңда  кішкентай зауыт немесе бір мекеме ашайық десек, энергия қуатын ала алмаймыз. Бұл – маңызды мәселе, АЭС керек, – деді Орталық Азиядағы New nuclear watch institute консультациялық кеңесінің төрағасы Бауыржан Ибраев.

Оқи отырыңыз: АЭС: сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін 30 мыңнан астам маман білім алды