Су басқан өңірдегі шаруалар дән егіп үлгере ме

27.04.2024 01:29

Шамамен 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан

Almaty.tv

Су басқан өңірдегі шаруалар дән егіп үлгермеуі мүмкін. Дала диқандары егістік жұмыстарына кірісер кезде үлкен шығынға ұшарады. Оларға шұғыл көмек болмаса, жағдай тіпті қиындай түспек. Осылай деп дабыл қаққан Қазақстан фермерлер қауымдастығының өкілдері Үкіметтен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі агросектордың негізгі драйвері – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары. Отандық қамбаны толтырып отырған өңірлердің биылғы жағдайы мәз емес. Аталған аймақтарда көктемгі егін маусымы мамырсыз басталмайтын сияқты. Табиғи апат талай шаруаны шығынға батырғаны белгілі. Шамамен 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Диқандардың базынасын тыңдап, Үкімет дереу қолдау танытпаса, алдағы жазда жағдай қиындауы мүмкін.

– Қаншама техника судың астында қалды. Шаруалардың тұқым қоймасы суға кетті. Өкінішке қарай, бүгінгі күні ресми нақты дерек жоқ. Ешкім санай алмайды, санау мүмкін емес. Су топырақтың жоғарғы құнарлы қабатын шайып кетеді, – деді Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленов.

Құнарлы топырақты қалыпқа келтіру үшін жылдар керек. Тасқынның фермерлерге әкелген ең үлкен шығыны осы болып тұр. Қауымдастық мүшесі биылғы егіс науқанының қалай өтетіне алаңдаулы. Жылдап жинаған техника мен шашау шығармай жинаған тұқым сумен ағып кетті. Сол себепті де диқандарға дәл қазіргі кезде керегі – қаржылай қолдау. Ал министрлік маманы науқанға кедергі келтіретін мәселе жоқ деп сендірді.

– Қазіргі таңда көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге барлық шара жүргізіліп жатыр. Бірқатар өңірде тасқыннан зардап шеккен шаруалар бар. Жергілікті әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, СҚО-да шамамен 7000 гектарға залал келген. Біз бұл аймақтармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тұқыммен қамту, басқа да қолдау шаралары қарастырылады, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті директорының орынбасары Айхан Сұлтан.

Министрлік өкілі «тасқын болған өңірде диқандар науқанды ойдағыдай өткереді» деп сендірді Оның ақпарынша, Үкімет қажетті бар қолдауды көрсететін көрінеді. Ел диқандары былтыр 24 млн гектар жерге дән екті. Бұл көрсеткішті биыл да сақтап қалуға ниетті. Жоспар іске асса, нәтижесін күзде көрерміз.

Кәмшат Мұхамеджан, данияр Омар, Дастан темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Су тасқынынан кейін 12 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды