Ұлытау облысында алдағы жылу маусымына сақадай сай болу үшін бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құзырлы органдар жыл сайын жылыту маусымына дайындық туралы есебінде «қақаған қысқа сақадай саймыз» деп жарыса жариялағанымен, бүрсең қаққан жұрт көктемге өзегі талып, әрең жететіні рас. Қыс қылышын сүйретіп келгенде тұрғындар шағымы көбейетіні де жасырын емес. Ұлытаулықтар «бар жұмыс тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асқаннын қалайды. Олар соңғы жылдарда мардымды жылу көрмеген, бірақ коммуналдық қызметтер үшін үздіксіз төлем жасап отырған.
– Үй іші сап-салқын. Шешініп, халатпен жүре аламаймыз. Балаларымызды киіндіріп қоямыз. Қыс бойы ауырып шығамыз. Жеті жылда істемеген нәрсеміз жоқ, үйдің сыртын қаптаттық, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Роза Сағымбаева.
– Ай сайын коммуналдық қызмет үшін төлемақыны төлем отырдық. Бірақ соңғы 5 жылда үй жылыған жоқ. «Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деп естідік, бірақ біздің үйіміз тағы жөндеуден тыс қалып тұр. Бұл жағдайда не істеуге болады? – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Гүлшат Туленова.
Жарылған жылу қазандықтары мен желілер, суық мектепте бүрсең қаққан оқушылар, тоңған жұрттың жанайқайы сынды жыл сайынғы жыр биыл тағы жаңғырмай ма деген сауалымызға жауапты басқарма «жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деп қысқа жауап берді. Олардың айтуынша, бар мәселенің шешімі жуырда біржақты болмақ.
Айта кетейік, Ұлытау облысындағы жылу маусымының дайындығына бюджеттен 30,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл былтырмен салыстырғанда 23,3 пайыз артық.
– Әлеуметтік нысандар, білім беру, денсаулық сақтау тұрғын үй жөндеу жұмыстары 50 пайыздан асты. Электр қуатымен жабдықтау, оның сапасын арттыру мақсатында 515,6 шақырым электр желісін және 212 қосалқы стансаны жөндеу жұмысы жүріп жатыр, – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Жанкелді Бөгенбаев.
– 1 қазанға дейін жылу маусымына дайын боламыз деп ойлаймын. Магистралдық құбырлардан басқа кварталдық құбырларды жөндеу үшін 8 мердігер жұмыс жасап жатыр. Бюджеттен 750 млн теңге бөлінді, – деді Жезқазған қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қанат Бекжігітов.
Атқамінерлер «қысқа дайындық ойдағыдай іске асып жатыр» деді. Ал Сәтбаев қаласындағы жауапты мекеменің басшысы өңірдегі жөндеу жұмысының барысына тоқталды. Мұндағы жылу желілерінің ұзындығы 223,6 шақырым, олардың 60 пайызға жуығы тозып тұрған көрінеді.
– Биыл ұзындығы 50 км желі жөнделеді. Оның ішінде 30 км жылу, 16 км сумен жабдықтау, 4 км кәріз желілерін жөндеу жоспарланып отыр. Шілдеде 15 км жылу құбыры ауыстырылды, – деді Сәтбаев қаласы жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорының директоры Ержан Тоқымбаев.
Жауапты басқарманың хабарлауынша, биыл тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды жылыту маусымына дайындау жоспарға сай жүргізіліп жатыр.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Ұлытау облысындағы жел электр стансасының құрылысы қашан аяқталады