Былтырмен салыстырғанда, биыл некесін бұзғандар 7 пайызға бірден артқан
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев қазақстандықтардың атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін қандай қитұрқы әрекетке баратынын жайып салды. Министр бір балаға 21 мың теңге алу үшін тіпті ерлі-зайыптылардың ажырасуға да арланбайтынын естіп, таң қалғанын жасырмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңқу сөз дейін десе, мұны статистика дәлелдеп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл некесін бұзғандар көрсеткіші бірден 7 пайызға артқан. Министрліктегілер әлеуметтік көмекке қалайда қол жеткізем деушілер анықталған жағдайда, оларды жазаға тартуды көздеп отыр.
«Біз Әділет министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Кей отбасылар тіпті осы үшін ажырасып та жатыр. Келіншектер «күйеуім жоқ, алимент төлемейді» дейді, ал шын мәнінде олар үйінде жатады. Сондықтан ескертіп қояйық, егерде біз заң бұзушылыққа жол бергендерді анықтасақ, олар міндетті түрде айыппұл төлейді және атаулы көмек тоқтатылады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.