Биыл елімізде қант 36 пайызға қымбаттаған

18.06.2022 01:19

Мамандардың айтуынша, қант ағзадағы кальцийді азайтады

stan.kz

Биыл елімізде қант 36 пайызға қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйенсек, бір жылда шекер құны екі есе өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір еліміздің барлық өңірінде қант қымбаттаған. Мәселен Қызылорда тұрғындары таңғы сағат 9:00-де ашылатын дүкенге сағат 6:00-дан бастап кезекке тұрады екен. Кейде сағаттап күткеннің өзінде қол жеткізе алмай қалатын кездер болады.  Өңірде шекер бағасы әлеуметтік дүкендерде 263 теңге болса, сауда желілерінде 530-дан сатылып жатыр.

Ал Ақтөбе дүкендеріндегі қант түскі сағат 12:00-ге жетпей таусылып жатыр. Мұнда құмшекерді әр адамға 3 келіден артық сатпайды екен. Бағаны тұрақтандыру қорының мамандары оны қаладағы алыпсатарлардың көбейгенімен байланыстырып отыр. Аймақта тәтті өнім бағасы 650 теңгеден саудаланып жатыр.  Еліміз бойынша қант бағасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларында жоғары екен. Мәселен, наурыз айында мегаполисте әлеуметтік дүкендердегі шекер бағасының бір келісі 444 теңге болса, қазір 460-қа дейін өскен.

«500-ден басталған қанттың бағасы қазір мысалы 900-ге дейін барды. Азық-түлік бағасы көтеріліп жатыр», – деді қала тұрғыны Айгүл Абылбекова.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына жататын бұл өнім бағасы неге 2 есе қымбаттап кетті? Жұрттың осылайша дүрлігуіне не себеп? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Елімізде қазір 3 қант шығаратын зауыт бар. Олар Алматы облысындағы «Көксу» кәсіпорны, Жамбыл облысындағы «Мерке» өндірісі және Тараздағы қант зауыты. Десе де, бұл 3 кәсіпорын Қазақстанды қантпен толық қамти алмайды. Сол үшін сырттан тасимыз. Мәселен, өткен жылы Белорусь, Ресей, Куба және Мексика елдерінен шекер сатып алып отырдық. Шетелдерде тәтті өнімнің бағасы сол қалпы, тек оны елге жеткізу жолы күрт қымбаттады дейді қант қауымдастығының президенті. Кеденге төлейтін баж салығы, логистика қызметі, жүк тасушылар мен көлік жүргізушілеріне төлейтін жалақы қант бағасының өсуіне ықпал етеді.

«Қанттың қымбаттауына әлемдегі геосаяси жағдай да әсер етті. Ресей мен Беларусь әлемнің бірнеше елдеріне қант тасымалдауын тоқтатты. Сатып алушылардың ішінде біз де бармыз. Көрші елдің бұл әрекеті еліміздегі тұрғындардың тосап қайнатып, қантты көп мөлшерде пайдаланатын уақытына дөп келіп түсті. Осылайша, халық арасында қантқа сұраныс көбейді. Дәл осы жағдай күзде немесе қыста болса, тұрғындар бұлайша дүрлікпес еді», – деді Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.

Қант адам азғасына зиян. Тәтті өнім алдымен ағзадағы кальцийді азайтады екен. Ересек не бала оны мөлшерден артық пайдаланса, сүйектері морт сынғыш келеді. Одан бөлек ағзадағы В дәруменін шамадан тыс төмендетеді. Бұл витаминнің түрі денедегі қан жүйесі мен қан айналымына тікелей әсер етіді.

«Көз алдымызға тек аппақ қантты елестетеміз ғой. Бірақ  біз сатып алатын нанның құрамында да қант бар. Біз тұтынантын барлық тағамның құрамында қант бар. Біздің еліміздегі ең бірінші өлім-жітім жүрек қан-тамырлары ауруларының салдарынан пайда болады. Инфракт, инсульт аурулары тікелей осы қантты шамадан тыс қолданудан болады», – деді диетолог Талшын Артыққызы

«Қантты немен аламастыра аламыз? Рафинатталған жасанды қантты құрманың сироптары, инулин секілді заттармен алмастырса болады», – деді диетолог Талшын Артыққызы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейін елімізде қант диабетімен ауыратындар саны миллионнан асып жығылады деп болжам жасады.