|
08.04.2019 | 19:12
2989

«Көкжайлауға» жоспарланған қаражат алматылықтардың қажеттілігі үшін жұмсалады

Құрылыс жұмыстары 3-5 жылға кейінге шегерілді

«Көкжайлауға» жоспарланған қаражат алматылықтардың қажеттілігі үшін жұмсалады

Алматыдағы «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының құрылысы 3-5 жылға кейінге шегерілетінін бүгін шаһар басшысы Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңестің жиынында айтқан болатын. Артынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Алматы әкіміне өзі ұсыныс айтқанын, мұндай ірі жобаларды жүзеге асыруды халықтың пікіріне құлақ асу керектігін мәлімдеді. Ал, осынау ірі жобаның құрылысына деп жоспарланған қаражат биыл алматылықтардың өзге қажеттілігіне жұмсалатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бауыржан Байбек курорттың құрылысы табиғатқа зауалын келтірмеу керектігін бұл жолы да атап өтті. Яғни, 20 мыңдай адамды жұмыспен қамтуы тиіс құрылыс жұмыстары жүргізілместен бұрын, жоба тағы бір сүзгіден өтеді. Мәселен, соңғы қабылданған концепция аясында ағаштар сүру 26 есеге, жатын орындарын салу 33 есеге, құрылыс аумағы 13 есеге азайды. Ал Ұлттық парктің 100 гектар жері өздеріне қайтарылды.

«Таулар – біздің басты артықшылығымыз. Сондықтан, оны ұтымды пайдалануды ойлау қажет. Мәселен, Австрия сарапшылары тауларды тиімді пайдалану үшін 7-10 жыл ішінде шамамен 1,5 миллиард доллар жұмсалады. Ал одан кейін экономикаға жыл сайын 2 млрд. доллар пайда табуға болады екен. «Көкжайлау» - тек тау-шаңғы курорты ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтін отбасыға арналған демалыс орны болады. Оған қоса, қазір жұмыс істеп тұрған курорттардың өзін дамытуға кем дегенде 3-5 жыл кетеді. Біз осы жылдар ішінде қажетті тәжірибені жинақтаймыз, кадрларды дайындаймыз, тұрғындардың және курорттар қонақтарының пікірлерін зерттейміз. Содан кейін ғана «Көкжайлау» тау шаңғы курортын салуға кірісетін боламыз», - деді Б.Байбек Қоғамдық кеңестің жиынында.

Жаңа қабылданған концепция негізінде локация өзгеретін болды. Оны «Master Concept» компаниясының кеңесшілері «Көкжайлау» курортының шығынын барынша азайту мақсатында ұсынған. Осыған дейін жаңа курортқа жету үшін Медеу мен Шымбұлақ арқылы жол салынады делінген. Енді «Көкжайлау» курорты мен ЦСКА біріктірілмек. Оған қоса, шеберлік-жоспарда «Тау Парк» курорты мен Бутаковка шатқалын дамыту да қарастырылған. Курортқа келушілердің 70%-ын қалалықтар құрайтындықтан плато аймағында қонақ үй салынбайды.

«Біздің басты міндет – тауды қозғамай тек қажетті нысандарды ғана салу және ыңғайлы болуы үшін инфрақұрылым жасау. Сондай-ақ, тау баурайына ешқандай қонақ үй, мейрамхана салынбайтын болды. Курорт табиғатқа барынша зиянын тигізбеуі керек. Бірінші кезекте, курортты қала тұрғындарына қолжетімді етеміз. Сондықтан, тек тау шыңына көтерілетін екі гондолды жол салынады. Тау велосипеді, хайкинг, шаңғы спортымен айналысуға болады. «Көкжайлауға» халық таңертең көтеріліп, кешке қайтатындай етіп жасауды мақсат етіп отырмыз», - деді «Master Concept» компаниясының төрағасы Гернот ЛЯЙТНЕР.

«Көкжайлау» курортының құрылысы көп арасында қызу талқыға түскен «Алматы-2020» жобасынан кейінгі екінші жоба. Өткен жылдың қараша айында жоба жайлы қоғамдық тыңдау өткен. Нәтижесінде 293 парақтан тұратын ұсыныс түсіп, өткен 5 ай бойы сараптама жүргізілді.

«Көкжайлау жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Оны біз халыққа жақын болуы үшін қала орталығында орналасқан қонақ үйде өткіздік. Шараға 532 қатысушы келіп, 40 отандық БАҚ өкілдерін шақырдық. Ал, келе алмайтындарға әлеуметтік желі арқылы тікелей қосылым жасадық. Халықтың берген ұсыныс-өтініштері де ескерусіз қалмады», - дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру кейінге қалдырылғандықтан, бюджеттің қаражаты қаланың басқа қажеттілігіне жұмсалмақ. Бұл шешімді Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы да қабылдап, бірауыздан қолдады.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир