Пәтерін жалға беріп, бірақ салық төлемей жүргендерге айыппұл салынады

27.02.2024 01:12

Кірістер комитеті департаментінің сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы бірнеше сұраққа жауап берді

elements.envato.com

Пәтерін жалға беріп, бірақ салық төлемей жүргендерге 55 мыңнан бастап 369 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Кірістер комитеті салықтан жалтармай, ашық жұмыс істеуге шақырады. Егер заңсыз табыс тапсаңыз, қомақты сома төлеуіңізге тура келеді. Жалпы, мұндай пәтер иелері қалай анықталады? Қанша пайыз салық төлеу керек? Бұл туралы Кірістер комитеті департаментінің сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

- Өздеріңізге белгілі, салық органдарының негізгі міндеті бұл ҚР Салық заңнамаларының сақталуын, бюджетке төленетін салық және міндетті төлем туралы міндетті төлемдердің толық және уақытылы төленуін қамтамасыз ету.

Осы аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында салық органдары тарапынан бақылау салықтық бақылау жүзеге асырылады. Атап айтқанда, камералдық бақылау жүргізіледі. Бақылау шаралары бұл мемлекеттік кірістер органдарындағы бар мәліметтерді салыстыру арқылы жүзеге асады. Яғни, камералдық бақылау жүргізу кезінде заңбұзушылық айқындалған ақпараттар бойынша анықталады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер комитеті ІІМ-мен екі жақты бұйрығы негізінде пәтерді жалға беруші азаматтарды анықтау және есепке алу жүргізіледі. Есепке алынған азаматтарды жеке табыс салығын төлеуші және дара кәсіпкер ретінде тіркеу жүзеге асатын болады. Егер бұзушылықтар айқындалған жағдайда салық төлеушілерге хабарлама жіберіледі.

Пәтерді жалға беру үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек пе? Егер тіркелетін болса, қандай салық түрін таңдайды?

- Бұл жерде салық міндеттемесін орындаудың бірнеше түрі бар. Оны атап өтсек, біріншісі мүлкін жалға берген азамат дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзінің таңдаған салық режиміне байланысты салық төлей алады. Дара кәсіпкер ретінде тіркелу қазір Е-салық бизнес қосымшасы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылады. Екінші жағдайда сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелместен жеке табыс салығын төлей аласыз. Ол үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияда 10 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығын төлеу міндеттеледі. Ал үшінші жағдайда егер жалға беруші өзінің мүлкін салық агенттеріне жалға берген болса, онда жеке табыс салығы бойынша есептеу, ұстап қалу және төлеу жұмыстарын салық агенттігі жүзеге асыратын болады.

Пәтерін жалға беріп отырған адам табысының қанша пайызын салық ретінде төлеу керек?

- Егер декларацияны жеке тұлға ретінде тапсырсаңыз, онда кірістің 10 пайызын мөлшерінде салық төлейсіз. Ал егер сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелсеңіз арнаулы мобильді қосымша арқылы болмаса патент арқылы арнаулы салық режимдерін қолдансаңыз, 1 пайыз көлемінде салық төлейсіз. Сонымен қатар бізде оңайлатылған арнаулы салық режимі бар ол бойынша 10 пайыз көлемінде салық төлейсіз.