Алматыда әлеуметтік төлем алуға 37 кәсіпорын өтінім қалдырып үлгерді
Алматыда әлеуметтік төлем алуға 37 кәсіпорын өтінім қалдырып үлгерді. Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы ресми түрде құжат қабылдауды басталғанын айтты, деп хабарлайды Alamty.tv тілшісі.
Қаражат төтенше жағдай жарияланғанына байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандар мен жұмыстан шығып қалғандарға беріледі. Есте болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленетінін айтқан еді. Өтінімді жұмыс берушінің өзі жасайды.
«Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ережесіне сәйкес төленетін болады. Әлеуметтік төлем келесі санаттағыларға берілетін болады. Біріншіден, микро және шағын бизнес айналысатын кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлерге, орта кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдар, оның ішінде нотариус, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар кіреді. Оған қосымша, бірыңғай жиынтық төлеушілерде бұл төлемге ұсыныс беруге мүдделі», – деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Әлеуметтік төлемді алу үшін жұмыс беруші жалақы сақталмайтын еңбек демалысына кеткен жұмысшылардың толық тізімін жасайды. Оған қосымша, ақысыз еңбек демалысына кету туралы анықтама мен бұйрықтың көшірмесін қосады. Сондай-ақ, жұмыскердің картасы мен реквизиттерін ұсынады. Жиналған құжаттарды жұмыс беруші «Egov» порталы арқылы электронды түрде өткізеді.
«Жұмыс берушінің өтініші жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органдармен аудандық штабпен қарастыралы да, жергілікті орган тиісті шешімін шығарып, мемлекеттік корпарацияға жолдайды. Мемлекеттік корпорацияға жолданғаннан кейін 4 жұмыс күні ішінде шешім шығарылып, аталған жұмысшылардың есепшотына төлем жүргізілетін болады. Өз-өзін қамтып жүрген кісілердің ішіне ол жеке кәсіпкерлер және бірыңғай жиынтық төлеушілер кіреді. Ол кісілер өзінің құжаттарын электронды веб портал арқылы тапсырып, бізден жаңағы көмекке арине тапсыруға мүдделі», – деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Әлеуметтік төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Айта кетейік, Алматыда 8 ауданда арнайы штаб құрылған.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы