Алмалы ауданында аулалар жарықтандырылып жатыр

Алмалы ауданында аулалар жарықтандырылып жатыр
Келесі жылы жоспар бойынша 16 аула жарықтандырылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абылай хан даңғылы бойында орналасқан бірнеше үй тұрғындарынан ауланың тас қараңғы болып тұрғаны туралы көп шағым түскен. Аталған мәселе аудан әкімінің қатысуымен өткен «АкиматLIVE» бағдарламасында да көтерілген еді. Аудан әкімі Бекқали Торғаев бұл мәселе жақын арады шешіледі деп сендірген еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Дәл осы Абылай хан көшесінің бойында тұрған 24, 26, 28, 30, 32 үйлердің ауласына жарық жүргізілді.  Біз олардың қойып жатқанда жаңа, соңғы үлгідегі шамдар деп ойладық. Ол 24 үйді жарықтандырады деп ойлайдық. Сөйтсек, қателескен екенбіз», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.

Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев «АкиматLIVE» бағдарламасында Абылайхан даңғылы бойында орналасқан бірнеше ауланың әлі жарықсыз қалғаны туралы айтып өткен болатын. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ол жұмыс басталып кеткен. Қазір шағым түскен көшеде жарық шамдары орнатылып қойыпты.

«Мен осы аулада тұрамын. Біз әкімшілікке жарықшамдарын қоюға арызданғанбыз. Құдайға шүкір, енді қойылды. Біздің қасымызда мектеп, балабақша бар. Балалар кешке сабақтан қайтарда жарықшамдары жанып тұрады», – деді Айдана ҚҰДАЙБЕРГЕН.

«Ауламыз қараңғы болғандықтан, тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар түсіп жататын. Дәл осы тұстың қарама-қарсы бетінді балабақша тұр. Бірнеше күннің ішінде әкімшілік жарық шамдарды ауламызға орнатып тастады. Біз үшін өте жақсы болды және ыңғайлы. Ендігі кезекте, кіре берістерге де жөндеу жұмыстарын жүргізсе, жөн болар еді», – деді Василина ХРОМЦОВА.

Десе де, тұрғындар әлі аулада күрмеулі мәселелер бар екендігін алға тартады. Балалар ойнайтын алаңның тоз-тозы шыққан. Әткеншек пен сырғанайтын жерлер қирауға жақын. Үйдің кіре берісінде де талай жылдан бері жөндеу жүргізілмепті.

«Қалпына келтіру жұмысы бір апта бұрын басталды. Осы аулалар аймағында 13 жарықтандыру шамдарын орнаттық. Қазіргі уақытта, әсіресе түнгі мезгілде аула жап-жарық. Тұрғындардан енді осы мәселе бойынша жергілікті басшылыққа ешқандай шағым түсіп жатқан жоқ. Дегенмен, ойын алаңдарын жақсарту бойынша сұрақтар әлі де бар», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сапар НҰРАШЕВ.

Сондай-ақ, алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында аула аумағы толығымен қалпына келтіріледі. Келесі жылы жоспар бойынша 16 аула жарықтандырылмақ. Ал жартылай жарқырап тұрған 57 аула толығымен шаммен қамтылады.

Көлжігіт Аяулым, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров