СҚО-да аудан әкімдерін сайлау қорытындысы шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Облыс бойынша Есіл, Мамлют және Тимирязев ауданының әкімдері қайта сайланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдерін сайлау өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыс бойынша Есіл, Мамлют және Тимирязев ауданының әкімдері қайта сайланды. Тимирязев ауданында 20 учаске жұмыс істеді.  

Тимирязев ауылындағы №496 сайлау учаскесіне 43 жастағы Лола Тәжібаева балаларымен келіп, дауыс берді. Алты баланың анасы 3 ай бұрын мемлекеттік бағдарламамен Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған.

«Көшіп келгелі бері бірінші рет сайлауға қатысып жатырмыз. Өзіміз өзбекпіз. Бірақ Қазақстанда тұрған соң қазақтың ұлттық киімін киіп отбасыммен келдім», – деді көпбалалы ана Лола Тәжібаева.

Ал Москворецкий ауылының тұрғыны Глеб Штец алғаш рет дауыс бергендердің бірі. 18 жастағы жасөспірім ауыр атлетикамен шұғылданады. 11-сынып оқушысы жаңадан тағайындалған әкім спорт саласына өзгерістер енгізеді деп күтеді.

«Бұл сайлау мен үшін өте маңызды. Ауданда спорттық жарыстар жиі өтуін күтемін. Ауданда ауыр атлетикамен шұғылданатын керек-жарақтар жетіспейді. Егер спорт саласында өзгерістер болмаса, онда жаңа ғимараттар салынып, жол салынса екен деймін», – деді 11-сынып оқушысы Глеб Штец. 

Тимирязев ауданының әкіміне 3 адам үміткер болды. Олардың біреуі AMANAT партиясы арқылы, қалған екеуі өзін-өзі ұсыну жолымен түскен. Сайлау күні ауданда 20 учаске жұмыс істеді. Олардың жұмысын қадағалаған байқаушылар заңбұзушылықтар болмады дейді.

«Таңғы сағат 07:00-ден бастап сайлау учаскесінде отырдым. Сайлау әділ өтті. Комиссия құрамында бес адам болды. Ешқандай құқықбұзушылық байқалмады», – деді байқаушы Полина Береговая.

Бүгін облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлаудың қортындысын жариялады.

«Мұхамедияров Мереке Тілеужанұлы сайлаушылардың 8419 дауысын жинады, Степаненко Елена Федоровна үшін 6817 адам дауыс берді, Ерлан Қайырұлы Жаров үшін сайлаушылардың 3536-сы дауыс берген», – деді СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.

Солтүстік Қазақстан облысының 3 ауданында 84 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда 36 мыңға жуық сайлаушы бар.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров