Мектепке дейінгі мекемелерде әлеуметтік тәрбиешілер жұмыс істейтін болады

28.01.2022 в 00:14

Балабақшадағы маман тапшылығын шешу үшін енді бір топта екі педагогке дейін болуы мүмкін

«Тәрбиеші баламды ұрды, соқты» деген шағымдар енді азаюы мүмкін. Себебі бүгін Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектепке дейінгі мекемелерде келешекте әлеуметтік тәрбиешілер жұмыс істейтінін айтты. Одан бөлек, балабақшадағы маман тапшылығын шешу үшін енді бір топта екі педагогке дейін болатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

        

Қазақстанда онлайн университеттер ашылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттар саны 5 мыңға ұлғайып, оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Ал Шолпан Каринова биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алатынын айтты. Одан бөлек, вице-министр балабақша мәселесін де көтерді. Енді еліміздің балабақшаларында әлеуметтік тәрбиешілер жұмыс істейтін болады.

«Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің 27 пайызының тиісті мамандықтары жоқ. 51 пайызы ғана бүгінге дейін біліктілік санаттарын өзгертті. Сонымен бірге балабақша деңгейіндегі бір топқа бекітілген тәрбиешілердің жеткіліксіздігін, яғни олардың жұмысында ауыртпалық бар екенін көріп отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін 2022 жылдан бастап былтыр бекітілген модельді іске асыру басталады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Ал ел Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмыстарының тұжырымдамасы әзірленеді деді. Оның атап өтуінше, білім беру жүйесі рухани бай, адамгершілігі мол, зияткер, шығармашыл тұлғаларды дайындауы тиіс.

«Мен бұл жөнінде арнайы кеңес өткізіп, тәрбие жұмыстары жөнінде тұжырымдама әзірлеуді тапсырған болатынмын. Тұжырымдамада мектепке дейінгі ұйымдардағы, мектептегі, колледждегі және жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстары толық қамтылатын болады. Тұжырымдамада жастарды еңбекке, спортқа, шығармашылыққа баулу басым бағыттар болуы тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Осы ретте балалар омбудсмені Аружан Саин денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы балалар құқығын қорғау мәселелері туралы айтып, бұған жауапты мамандарды сынға алды.

«Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін балалар мүгедектігін төмендету бойынша нәтиже ала алмай отырмыз. Біз көру, есту қабілеті бұзылған, мүгедектіктің басқа түрлерімен ауыратын балаларға арналған мамандандырылған білім беру мекемелерінің жұмысын өзгертуді бастағанымыз жоқ», - деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Сонымен қатар мектептерде математика пәнінен оқушыларды екі топқа бөліп оқытатын болады. Мемлекет басшысы техникалық мамандарды дайындау бойынша тапсырма берді. Оны орындау үшін оқушылардың математикалық білімін дамытудың көмегі зор. Онымен қоса, елдің оңтүстік және батыс аймақтарында мектеп құрылысын жүргізуге қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше, бұл өңірде педагогтар ғана емес, мектеп те тапшы.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан