Алматының тұтас бір ауданында тұрмыстық техника жаппай күйіп жатыр

12.07.2019 00:37

Тұрғындардың айтуынша, түнгі сағат 3-те электр қуаты 330 метр вольтқа дейін барғанға ұқсайды

Almaty.tv

Электр жүйесіндегі ақаудың кесірінен «Мәдениет» шағынауданындағы 100-ге тарта отбасы зардап шеккен. Су жаңа теледидары, тоңазытқышы мен қысқа толқынды пештері жарамсыз боп қалған жұрт жергілікті атқамінерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені, мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет орын алыпты. Әбден шығынға батқан халық кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Аягөз Мырзамұратованың жалғыз тоңазытқыш ғана жанып кеткен жоқ. Теледидар мен қысқатолқынды пеші де жарамсыз болып қалған. Үш баланың анасы несиеге алынған заттардың өтемақысын кімнен талап етерін білмей отыр.

«Жарық үнемі осындай бізде. Қашан болсын бір затымыз күйеді, оған ешкім ештеңе істемейді де. Әрине, 3 жылға несиеге алып, зорға қол жеткізген техникаң күйіп кеткен соң ішің ашиды. Енді не істерімді білмеймін. Тағы несиеге алатын жағдай жоқ менде. Үш баламен өзім үйде отырмын, күйеуім  ғана жұмыс істейді», – дейді Аягөз МЫРЗАМҰРАТОВА.

Жалғыз Аягөз ғана емес, шағынауданда тұратын 100-ге тарта үйдің техникалары түгел жанып кеткен. Бірінің тұрмыстық техникасы жөндеуге келсе, бірінікі мүлде жарамсыз күйде. Тұрғындардың айтуынша, түнгі сағат 3-те электр қуаты 330 метр вольтқа дейін барғанға ұқсайды.

«Біз 2012 жылдан бері осында тұрамыз. Сол 2012 жылдан бері осы проблема келе жатыр. Былтыр тоңазытқышымыз екі рет күйіп кетті. Жарық болмаса, су да болмай қалады. Су кешке қарай сыздықтап аққанда не жуына алмайсың, не кір жуа алмайсың. Кеше күні бойы жарық болмады, су да болмады», – дейді келесі бір тұрғын Маржан ТӨЛЕЕВА.  

«Кезінде электр желілерін жүргізген мекеме қазір «бұл жағдайға біз жауап бермейміз» деп отыр. Жарық үшін 150 мың теңгемізді алған Бағдат деген қызметкер «мен ештеңе істей алмаймын» деп бізді әбден сандалтты.  Бүгін міне, қанша адамның тұрмыстық техникасы жарамсыз болып қалды. Оның бәрін жөндеуге немесе сатып алуға қаражатты кім өтеп береді?!», – дейді Роза ТЕЛОВЧИ.

Ал, ең қызығы, тұрғындардың өзі Алатау ауданында тұрғанымен, электр желілеріне жауапты мекеме Іле ауданына қарайды екен. Іске татитын тұрмыстық техникасы қалмаған жұрт материалдық залалды кімнен өндіріп ала алатынын білуі үшін алдымен, электр желілерін жүргізген мекемені анықтау керек дейді заңгер.

«Осы азаматтар міндетті түрде Алматы қаласы бойынша болатын болса, Энергосбытқа шағымын түсіріп, сол жерден жауабын алуы керек. Олар зардаптың себебін түсіндіруі керек. Мүмкін тұрғындардың үйінде бір жағдай болып қалды ма? Соның барлығы сараптамада анықталып көрсетілуі керек», – деді заңгер Шолпан РИЗАБЕКОВА.

Заңгердің айтуынша, тұрғындардың техникалары тоқтың көп берілуінен зардап шеккендігі дәлелденсе, олар жарық беруші компанияның үстінен сотқа шағым түсіріп, материалдық шығындарын өндіріп ала алады.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы