Төңкерісте түйткіл көп: ауыл тұрғындары ауыз суға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Талғар ауданы әкімдігі су құбыры тартылғаннан кейін, жол жөнделетінін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматыдан 40 шақырым жерде отырып, жағдайымыз оңбады». Үйін сатып, көшіп жатқандардың көбейгенін жеткізген ақсақалдар «ауылды жоғалтып аламыз ба?» деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – тұрғындарының шағымы таусылмайтын Талғар ауданына қарасты Төңкеріс ауылы. Су, мектеп, газ, жол мен асфальты жоқ ауылда бала ойнап, мал жайылатын алаң ортақ.

– «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді. Шақырамыз, келеді де уәде беріп, кетеді. Он жыл болды, – деді Төңкеріс ауылының тұрғыны Өкен Дәуталиев.

Жағдайын айтып, жанайқайын жеткізген жұртқа бүгін де әкімдік өкілі келді.

– Жергілікті атқарушы билік тарапынан өтінім берілді. Ендігі мәселе облыста шешіледі. Қаржы бөлінгеніне байланысты жұмыс жүргізіледі, – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Құрманғазиев.

Тасы төселгенімен, асфальт төсеуді ұмытып кеткен жол жайына да, үйді-үйге мүлдем тартылмаған су мәселесіне де айтылар жауап біреу-ақ.

– Талғар ауданы бойынша Төңкеріс ауылында ғана газ жоқ  Бұл не сұмдық? Өркениеттен жұрдай, күніміз күн емес, – деді Төңкеріс ауылының тұрғыны Тұрсынбай Қожабекұлы.

– Су жоқ, баланы шомылдыра алмаймыз. Аптасына 8 мың теңгеге біреудің моншасына барамыз. Су құрттап кеткен, – деді Төңкеріс ауылының тұрғыны Айман Әбіханова.

– Жақында су мәселесі бойынша халыққа 5,5 млн теңге жинаңдар дейді. Халық ондай қаржыны қайдан табады? Зорға күнелтіп отыр, – деді Төңкеріс ауылының тұрғыны Мұхтар Қалыбаев.

Миллиондаған ақшаға уақытша су тартуға ел қарсы. Олар «мемлекеттен бөлінетін қаржы игерілсін» дейді. Ауыл балалары 4 шақырым жол жүріп, мектепке барады. Жылдап жоспары дайындалып жатқан жаңа оқу ғимараты келер жылдың күзінде дайын болатын көрінеді.

– Жобалау жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта су ұңғымаларын орналастыратын жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік акт алғаннан кейін, жоба бойынша сараптамадан өту керек. Сараптама қорытындысынан кейін, құрылысқа бюджеттік өтінім берілетін болады. Қаражат бөлінген соң, 2024 жылғы құрылыс бастау мүмкіндігі бар, – деді Талғар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжанов.

Ал Талғар ауданы әкімдігі су құбыры тартылғаннан кейін, жол жөнделетінін айтты. Ал тұрғындар «ең болмаса, көше бойында қоршаусыз тұрған трансформаторға назар аударса» дейді.  

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астана жылыту маусымына дайын ба

Новости партнеров