Әуе компаниясы мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады
Шымкент әуежайынан мыңнан астам жолаушы ұша алмай отыр. Air Astana мен Fly Arystan ұшақтарына билет алғандар бірнеше күннен бері діттеген жерлеріне жете алмай әлек. Әуе компаниясы мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір қызығы Air Astana мен Fly Arystan-нан басқа компаниялардың ұшақтары әуеге кедергісіз ақ көтерілген. Ал, жолаушыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Жатын орын былай тұрсын, тамақтың өзін шу шығарып жүріп әрең алдырған.
«Бұл әуе компаниядан билетін сатып алмау керек. Неге өзге әуе компания ұшақтары ұшады, ал дәл осылардың әуе борттары ұша алмай қалады. Сондай-ақ, қызметкерлері де дөрекі. Қонақ үй мен тамақты да ұйымдастырып бере алмады», – деді жолаушы Тимур Фарахудинов.
Ал, ауа-райына байланысты ұшақ ұшпаса, кінәлі біз емеспіз деген компания өкілдері енді барлығын ретке келітірмекші. Алайда тиісті жағдайды әуежай қызметкерлері жасауы қажет еді деді. Тіпті, арнайы заңнамада көрсетілгенін айтты.
«5-7 желтоқсан аралығында қолайсыз ауа райына байланысты Шымкенттен 24 рейс ұша алмай қалды. Яғни, 1500-ден астам жолаушы діттеген жеріне жете алмай отыр. Барлық жолаушыларға жағдай жасаймыз десе де, ол біздің қызметімізге кірмесе де. Ал ауа райы дұрысталса, біз барлығын бірден туралауға тырысамыз», – деді Air Astana ҰӘК өкілі Тілек Әбдірахымов.