Ақтау қаласының Каспий теңізі жағалауын егеуқұйрықтардан улау басталып кетті. Халық бұған дейін осы жағдайға қатысты наразылық білдіріп, жергілікті биліктен шара қолдануды талап еткен еді. Әкімдік шұғыл түрде конкурс жариялап, жеңімпаз мекеме бүгін жағалауды залалсыздандыруға кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Каспий жағасын улау жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жасалған. Дабыл қаққан тұрғындар кейінгі уақытта көпшілік демалатын орында кеміргіштердің қаптап кеткенін айтты. Олар егеуқұйрықтар түрлі ауру таратуы мүмкін деп алаңдайды.
– Егеуқұйрық қасыңнан жүгіріп өтеді. Кішкентай балалар бар. Егер улайтын болса, абайлаған жөн. Теңізде итбалықтар бар, – дейді қала тұрғыны Жәңгірхан Бірәлиев.
Тұрғындардың шағымынан соң, әкімдік теңіз жағалауын залалсыздандыруға кірісті. Жаппай улау жұмыстары 15-шағынаудандағы теңіз жағалауынан бастап, Өмірзақ елдімекеніне дейін жүргізіледі.
– Бұған дейін егеуқұйрықтардың бары анықталған жоқ. Тұрғындардың шағымынан кейін, жаңа шағынаудандарында пайда болғаны анықталды. Өте шұғыл, тез арада шешім қабылдау керек болды. Коммерциялық ұсынысқа сәйкес, мекемелердің бағасын салыстырып, ең төмен баға берген мекемемен келісімшарт жасап, шешім қабылдадық, – деді қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Бахтияр Мақсатов.
Дератизациялау жұмыстарына 7 млн 200 мың теңге жұмсалмақ. Аталмыш шара айдың соңына дейін жалғасады. Кеміргіштерге тасталған дәрілердің адамға зияны жоқ. Ал үй жануарлары иісінен сескеніп, жақындамайтын көрінеді.
– Барлық теңіз жағалауын улау үшін 600 келідей дәрі керек. Біз есептеп, алып қойдық. 16, 17-шағынауданда да дератизациялау жасау үшін қосымша дәріге тапсырыс бердік. Егеуқұйрықтар умен қоректенгеннен кейін, іші кеуіп өледі. Ал өлекселерді 3 күн өткен соң жинап алып, залалсыздандырамыз, – деді «Медик-гигиенист» кооперативінің директоры Ольга Смирнова.
Мамандар егеуқұйрықтың тұқымын түгел жоя алмайтынын айтты. Тек санын азайтпақ. Енді жағалауға келушілерге тамақ қалдығын ашық тастап кетпеу ескертілді. Ол – кеміргіштер көбеюінің бірден-бір себебі. Ал теңіз жағасында кешеден бері жыланның қаптап кетуіне теңіз суының күрт суытуы әсер етуі мүмкін.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан