Алаяққа алданып, қаражаттан қағылдым: алданған алматылықтар шағым айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалалық Полиция департаменті іске қатысты өндіріс жұмысы аяқталғанын жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алаяққа алданып, қаражаттан қағылдым». Құжаттарын реттеп, үй аламыз деп үміттенгендер осылай деп арнамызға келіп, шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үй алып беремін, дипломды да қолыңа ұстатамын, тұрғылықты мекенжайға да тіркеймін деп бізді алдап, арбауына түсірді». Зардап шеккендердің айтуынша, «құдіреті» шексіз келіншек талай алматылықты сан соқтырған. Соның бірі – Ұлан Сқақов. 

– «Ұлан, сенің үйің жоқ, пәтер жалдап жүрсің. Менің танысым бар, бір миллион теңге қызметіне берсең, пәтердің 20 пайыз ақшасын құйып, баспана алып береді» деді. Менің де қателігім бар. Тез әрі жеңіл жолмен үй алғым келді, – деді зардап шегуші Ұлан Сқақов.

Зардап шегуші «мен ғана емес, туған-туысым да қолдағы барын алақанына салып берді» дейді. Қулықтың құрбаны болғанын түсінгеннен кейін, жақындарының ақшасын өзі төлеген.

– «Менің танысым қызметте отырғанда туыстарыңа да тезірек пәтер алып берейін» деген соң, қайын атам, қайын ағам, інім де ақша берді, – деді зардап шегуші Ұлан Сқақов.

Айжан Нұрашаева да – сан  соғып қалғандардың бірі. Оқудан шығып қалған туысына көмектеспек болып, келіншектің көмегіне жүгінген. Ол қайтадан білім алуын жалғастыруға көмектесетінін айтып, уәде берген көрінеді.  

– Менің қайнымды жазғы сессиясын тапсырмағаны үшін оқудан шығарып жіберген. Амал жоқ, сол кісіден көмек сұрадық. Ол тіпті бірден диплом алуды ұсынды. Мен оқуын әрі қарай оқыса болды деп, 200 мың теңге  бердім, – деді зардап шегуші Айжан Нұрашаева

Айжанның айтуынша, ол өзге студенттерге де түрлі уәде беріп, біраз ақшаны қолды қылған. Жұрт алданған адамға біз де хабарласып, мән-жайды анықтағымыз келіп еді, сұхбат беруден бас тартты. Бірақ зардап шеккендерге жақын арада қаражатты қайтарамын деп уәде етті. Ал қалалық Полиция департаменті іске қатысты өндіріс жұмысы аяқталғанын жеткізді.

– Биыл шілдеде Наурызбай аудандық Полиция басқармасына Алматы қаласының екі тұрғыны шағымданған. Олардың айтуынша, 1983 жылы туған К есімді азамат алдап-арбау арқылы олардың 17 млн теңге қаржысын қолды қылған. Полиция қызметкерлері істі Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 300-бабының нормасына сәйкес, прокуратура жіберді, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ қалалық Полиция департамент өкілі заңдылық нормалары толық тексерілгеннен кейін, іс материалдары сотқа жіберілетінін айтты. Күдікті деп танылған азаматқа қатысты шешімді сот шығаруы тиіс.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы облысында жалған ақша жасағандар ұсталды

Новости партнеров