Биыл Жезқазғанда 12 сәби өмірімен қош айтысқан. Дәрігерлер нәресте өлімінің жиілеуіне себеп көп дегенімен, қайғы жұтқан ата-аналар «мұның бәрі мамандардың салғырттығынан» деп зар жылайды. Олар өлім көбейген ауруханаға тексеріс жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлердің салғырттығынан опық жеп отырғандардың бірі – Сәуле Баекенова. Сәтбаев қаласының тұрғыны 2023 жылы қызы мен жиенінен қатар айырылған. «17 қаңтарда қызымның денесінде ісік пайда болып, дәрігердің қаралуына барды» деген ана перзентін облыс орталығындағы ауруханаға жатқызады. Қан қысымы жоғарылап, денесі ісіген келіншек ем-домын алғаннан кейін үйіне жіберілген. Алайда арада көп уақыт өтпей, науқастың жағдайы қайта нашарлап, ауруханада жаңа туған сәбиінен айырылады. Құрсағындағы баласын қолына алмаған әйелдің өзі де көп ұзамай өлім құшқан.
– Барлық іш-құрылысы суға толған. 21 қаңтарда есінен айырылып, 15 минуттай жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жақсы болды деген, бірақ 26 қаңтарда жағдай қайталанды, 28-і жүрегі тоқтап қалды. Арнайы зерттеу жүргізіп, заңды жүзінде дәрігердің салғырттығын дәлелдегім келеді, – деді Cәтбаев қаласының тұрғыны Сәуле Баекенова.
Жалғыз қызынан айырылған ана жағдайға тікелей кінәлі деп санайтын Жезқазғанның дәрігерлеріне шағым қалдырған. Алдағы уақытта дәл осындай оқиға қайталанбас үшін, ол жұмысына салғырт қараған медицина қызметкерлерін әділ жазалауды сұрайды.
Ұлытауда мұндай жағдай жиілеген. Ресми ақпарға сүйенсек, сәби өліміне себеп болатын жайттың көбі тыныс алу органдарының ауруынан екен. Перинаталдық кезеңдегі жағдай мен туа біткен ақаулар да қайғылы жағдайға ұшырататын көрінеді.
– Біріншіден, науқастардың ауруына, екіншіден, дәрігерлердің жіберген қателігіне байланысты түрлі жағдай болады. Ата-аналардың шағымына сай, құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесі анықталған соң тиісті шаралар қолданылады, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.
2024 жылдың 4 айында Ұлытау облысы бойынша 12 нәресте өлімі тіркелген. Былтыр 19,ал биыл 3 қылмыстық іс тіркелген. Аталған фактілерге сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Екі баласын тұншықтырған: Түркістанда кідіктіге қатысты сот басталды