«Жаңа бастамалар мен мүмкіндіктер». Алматы облысында үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды. Сайысқа әлеуметтік бағыттағы жобалар түсті. Олардың арасынан үздік шыққан 10 жобаның авторы марапатталып, 1 млн теңге қайтарымсыз қаржы иеленді. Игі бастаманы облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жанат Медетқызы – жеке кәсіпкер. Қыз жасауы және құрақ көрпе тігумен айналысады. Қазір өзі секілді 50 көпбалалы ананы тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол бүгінгі байқауда жеңімпаз атанды. Енді қомақты қаржыға кәсібін кеңейтпек ниетте.
– Әр ананың қолынан тігін келе бермейді. Сондықтан аспаздыққа икемі бар аналарды жұмыспен қамту мақсатында цех ашып жатырмыз, – деді жеке кәсіпкер Жанат Қалжанова
Облыс әкімдігі ұйымдастырған байқауға 30-ға жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан. Олардың арасынан 10 жоба үздік деп танылды. Комиссия мүшелері ұсынылған бизнес-бағдарламалардың қоғамға тиімді тұсын басшылыққа ала отырып таңдаған.
– Үкіметтік емес ұйымдарда әдістемелік көмек көрсету мақсатында ақпарттық-сүйемелдік жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар құқықтық көмек көрсететін орталық бар. Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында осы жоба үшінші рет ұйымдастырылып отыр, – деді Ішкі саясат басқармасының бас маманы Ұлан Боранбайұлы.
Алматы облысында 370-тен астам үкіметтік емес ұйым бар. Оның 100-і бүгінде түрлі бағытта белсенді жұмыс істеп келеді. Облыстық Ішкі саясат басқармасының мамандары ізгі бастаманы қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Ұлағат Арғын, Ялукнжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы