Жылы үй, жарық көше, түзу жол мен таза су. Бұл – Алматының іргесіндегі ауыл тұрғындары үшін қолжетпес арман. Ал олар үміт артқан жергілікті билік қала қатарындағы аумақтың жайынан бейхабар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Турасын айтсақ, түк жоқ. Су, жол, жарық, мектепті былай қойғанда, мұндағы көшелердің аты жоқ. Ауылды картадан таппайсыз. Бірақ 5 сотық жерді халық қып-қызыл ақшаға сатып алған. Аларда алыпсатардың «бәрін жасап береміз» дегеніне жұрт сенген, үй салған. Арада жылдар жылжығанымен, жауаптылар орнынан қозғалмаған көрінеді.
– Жол салып береміз деп уәде берді, не жолы жоқ. Су тартып береміз деді, не суы жоқ. Не балабақша, не мектеп жоқ. Мектеп болмағаннан кейін халық баласын біреуі Қаскелеңге, енді бірі қалаға қатынап оқытады. Мектеп салынатын орынды да көрсеткен, бірақ сөз жүзінде қалды, – деді ауыл тұрғыны Балқаш Самбаева.
– Біз жерді сатып аларда ауылдың картасын көрсетті, онда көшенің бәрі көрсетілген. Әкімдік қайда қарап отыр? Жерді сататын кезде әкімшілік қадағалауында болуы керек қой! – деді ауыл тұрғыны Мереке Сартаева.
Әкімдік ахуалды қадағаламаған. Біз хабарласқанда жергілікті билік өкілдері жан-жақты зерттеуден кейін нақты жауап беретінін жеткізді. Азаматтар жер учаскесін үкіметтен емес, заңды тұлғадан сатып алған. Демек арада азаматтық іс бар.
– Сатып алу шарты бойынша ешнәрсе жазылмаған. Бірақ адамгершілік тұрғысынан агенттік жағынан сатылып жатқан тараппен бірге жұмысты аяғына дейін жеткізуге тырысамыз, – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің төрағасы Мансұр Милазов.
Азаматтарға жерді сатқан агенттік төрағасы «ауылдың коммуналдық жағдайына жауапты емеспін» деп қысқа қайырды. Дегенмен ол негізгі жолды жартылай тегістеп берген көрінеді.
– Жолды тегістеп қана қойды. «Жол түседі, сосын су құбырын тартамыз» деген, – деді ауыл тұрғыны Кәдірбек Рахметов.
– Тұрғындармен кездесемін. Негізгі жол бар. Сол жолды қазанның соңына дейін тегістеп беремін, – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің төрағасы Мансұр Милазов.
Дегенмен жұрт агенттік төрағасының сөзіне сенбейді. Көпшілік «ауылдың ахуалын кімнің қалыпқа келтіретіні нақтыланса» деп отыр. Не әкімдік, не алып-сатар араласпаған елдімекен расында адам айтса, нанғысыз қалыпта тұр.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында несиесін жабу үшін жұртты алдаған күдікті ұсталды